Жеке басқа табынуды бастап берген Болат Әбілев

none

Саясатқа қайта оралған кәсіпкер Болат Әбілевтің тіркелмеген «Біздің таңдау» партиясы 30 тамызда Конституция күнін тойламауға шақырды. Бұл туралы партия мүшелері 26 тамыздағы баспасөз маслихатында мәлімдедІ.

Саяси қызметі популизмге құрылған Б. Әбілевтің мәлімдеуінше: «90 жылдардың басында Назарбаев мырза екі парламентті таратып, заңсыз референдум өткізіп осы Конституцияны қабылдады. Бұл заң 30 жылда халыққа ештеңе бермеді. Тек авторитарлық билік, Назарбаев билігі орнады. Не демократия орнаған жоқ, не әділ сайлау өткен жоқ. Біз бұл Конституцияға қарсымыз. Қай бетімізбен тойлаймыз, не айтамыз?».

Бұған қоса, партия мүшелері Конституциядағы адам құқығы, заң күшіне қатысты баптар орындалмайтынын айтып, Назарбаев әулетінің түрлі заңсыздықтарына жол бергені үшін сынады.

«Бұл Конституцияға қырық жамау жасалған. Шоқпыт-шоқпыт Конституция. Оның бәрі Назарбаев билігін күшейту үшін жасалды. Соның негізінде «Елбасы туралы» заң шықты. Сондықтан бұл Конституцияны билік пен оның айналысына ғана қызмет еткен, халықты ескерусіз қалдырған құжат ретінде тарих қоқысына тастауымыз керек» – деді қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбай.

Белсенділер президенттен жаңа конституциялық реформаларды талап етті. Бірақ нақты қандай өзгеріс енгізу керегін айтқан жоқ. Оны өздері де білмейтін сияқты. Өйткені бар мақсаты – қандай нәрседе болмасын билікке қарсы екенін мәлімдеп, аудиториясына бітіспес күрескер оппозиция болып көріну. Шынында да, жиі-жиі «мен мұндалап» айқайлап қоймаса, ел назарынан тыс қалары анық.

Еске салсақ, 5 маусымда өткен референдумнан кейін Конституциядағы 33 бапқа 56 толықтыру енгізілді. Өзгеріс 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру, президентке саяси партияға мүше болуға, ал оның жақын-туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу, парламент құрамы мен жұмысы және сайлау жүйесін өзгерту, саяси партияларды тіркеу, өлім жазасына тыйым салу мен жерге меншік түрі секілді мәселелерді қамтиды. Бұл өзгерістің нәтижесінде Конституциядан бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген артықшылықтың бәрі алынып тасталды. Демек, баспасөз мәслихатын жинаған олардың айқай-шулы бұл мәлімдемесінің ешқандай мән мағынасы жоқ.

Осы орайда айта кететіні, Болат Әбілев – кәсіпкер «Бутя» президент Н. Назарбаевтың жеке басына табынуды бірінші болып бастаған. 90-жылдардың ортасында Қазақстандағы ең табысты бизнесмен болған ол аукционда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаламсабын 20 мың долларға сатып алған. Бұл сол кезде орасан көп ақша еді. Ол қаламсапқа қалталы бизнесмендердің бәрі таласты, бірақ аукционда Әбілев жеңіске жетті. Осыдан кейін-ақ Б. Әбілевтің тасы өрге домалады, Назарбаев үшін құрылған «Нұр Отан» партиясының белсендісі болып шыға келді. Кейін биліктің аса маңызды тапсырмасымен оппозиция алаңына өтіп, қазір саяси спектальдегі рөлін қайта ойнап жүр. Бірақ қартайғасын болар, харизма мен талант жетіспей-ақ тұр. Ал Рысбек Сәрсенбай көп жыл биліктің белді газеті «Егемен Қазақстанда» басшы қызмет атқарып, Назарбаев режиміне адал қызмет етті. Сондай бэкграунды бар олардың бұрынғы авторитарлық режимді кешеуілдетіп қайта қайта сынауы бір түрлі сенімсіз көрінеді. Мұндайда атам қазақ «Жау кеткен соң, қылышыңды боққа шап» деген.

«S»

Айдары: Түтін 28.08.2022 82

Қатысты мазмұн