«Жарып жіберем» деп әйелін кепілге алған еркек ұсталды

none

Кеше, 28 қарашада Орал қаласындағы көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы нотариус кеңсесінде әйелін кепілге алып, граната жаратынын айтып қорқытқан еркек ұсталды. Полиция құтқару операциясын жүргізу үшін Жәңгір хан көшесіндегі 73-үйдің адамдары қауіпсіз жерге эвакуациялады.

Күйеуінің кепілінде қалған әйелді құтқару алты сағатқа созылды (суретте). Полицейлер, прокуратура мен арнайы қызмет өкілдері ер адаммен келіссөз жүргізіп, нәтижесінде кепілдегі әйел босатылды.

« Сағат 13.10-да бір адам «102» нөмеріне қоңырау шалып, «Жазира» аялдамасында пышақ пен граната ұстаған ер адамның қоқаң-лоқы жасап тұрғанын айтты. Полиция аялдамаға келгенде ер адам нотариусқа кіріп, ішінен құлыптап алған екен. 13.25-те тұрғындарды эвакуациялай бастадық. Тұрғындарды №20 мектептің ғимаратына орналастырып, ыстық тамақ бердік. Сағат 15.00-ге таман ер адам алғашқы талабын айтты. Оқиға орнына ағасы мен әпкесі келді. Келіссөзден кейін ол кепілге алған адамды жіберді» деді БҚО полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Сүйінбаев.

Полицияның айтуынша, әйелін кепілге алған еркек көп ақша және ұшақ талап еткен. Бірақ, полиция оның талабын орындаған жоқ. Ұзақ келіссөзден соң ол кепілдегі әйелін босатып, кейін өзі де полицияға берілді. Оның граната деп ұстап жүргені ойыншық муляж болып шықты.

Кепілде болған әйел ауруханаға жеткізілді. Оның аяғында пышақ жарақаты болған.

Полиция ер адамның үстінен «Адамды кепілге алу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Полицияның дерегінше, ер адам бұрын сотталған, екі рет қорғау нұсқамасын (бұл құжат тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға ескерту ретінде беріледі) алған. Кейбір деректерде, әлгі еркек әйелін 2 жылдан бері ұрып-соғып келген. Сол үшін әйелі бірнеше мәрте полицияға арызданған. Ал полиция зорлықшыға ескерту берумен ғана шектеліп келіпті.

«S»

Айдары: Түтін 29.11.2019 68

Қатысты мазмұн