«Жанболат, қашпасаңызшы»: Блогер қоғам белсендісіне ағалық ақылын айтты

none

Қазақстандық блогер Айдос Жұқанұлы қоғам белсендісі Ж.Мамайдың сотқа берген апелляциялық шағымына қатысты пікір білдірді. Блогер тіркелмеген демпартия жетекшісін ақылға келіп, сот қаулысын орындауға шақырды. Төменде блогердің жазбасын толықтай келтіріп отырмыз.

«Жанболат, сот шешімінен құтылмайсың, қашсаңдағы. Бұл жалғанда адам қашып құтыла алмайтын екі нәрсе бар, бірі – өлім, енді бірі – жаза. Әр адам қолымен істегенін мойнымен көтереді, аузынан шыққан әр сөз үшін жауап береді. Әсіресе, ол біреудің абырой-беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат болса, тіптен қиын.

Бүгін заңгер Айжан Ташенованың постын оқып шықтым. Посттың мазмұны келесідей: бәріміз білетін фейк оппозиционер Жанболат Мамай сот қаулысын орындамаймын деп, апелляцияға берген екен. Б.Байбектің заңгері сауатты адам ғой, Жанболаттың сотқа ұсынған аппеляциялық шағымына қатысты талдап пост жазыпты. Заң тұрғысынан апелляциялық шағым сауатты жасалмаған. Неге десеңіз, 8 парақ шағымның 7,5 беті фактілерге жай мәлімдемелер, яғни бұған дейінгідей нақты дәлелсіз, бос сөзбен толтырылған. Өздері таратқан ақпараттың растығына соттың көзін жеткізетін бір де бір дәлелдері жоқ. Сөйте тұра, сот шешімін орындамаймын деп бұлқан-талқан болып, шағым айтады. Таңғалатыным, Ж.Мамай бір ғана адам – судьяға сөзінің растығын дәлелдей алмай жүріп, сандырағына 19 млн адам сенеді деп ойлайды ма?

Естеріңізде болса, Алматы сотының фейк оппозиционер Ж.Мамайдың ютубта «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбекті қаралаған видеоларының шындыққа сай еместігін, дәлелсіз қателескендерін мойындап, оны өшіру керектігі жайлы шешім шығарғанына екі айға жуықтады. Алайда Жанболат мырза оны орындауға асығатын емес. Бірақ белсендінің ұсынған «дәлелдерінің» негізсіз екені тағы дәлелденіп, апелляция істі қайта қараудан бас тартса, онда сот шешімі бірден күшіне енеді.

Демек, псевдобелсенді Мамайдың оған мойынсұнғаннан басқа амалы жоқ. Сот шешімін орындамаймын деп бұлқан-талқан болғаннан ештеңе ұтпайтынын түсінетін уақыт жетті ғой. Әншейінде «құқықтық мемлекет құрайық» деп кеудесін соғатын белсендінің заңға бағынбағаны ұят тірлік емес пе? Құқығым тапталды деп айқайға аттан қосқанда сондайсыз, ендеше өзіңіз неге біреудің құқығын бұзасыз? Заң бәріне ортақ, Жанболатқа ерекше жеке дара құқық берілген жоқ. Бұған дейін де айтқам, қазір де қайталаймын «Жанболат, қашпасаңызшы!». Бәрібір біздің заң қыр-соңыңыздан қалмай жүріп, сот шешімін орындатады. Одан да ерте күнді кеш қылмай, ақылға келіңіз деген ағалық жанашырлық қой біздікі. Айтпақшы, аутизммен ауыратын балалардың қорына ақша аударуды да ұмытпаңыз.

Ж.Мамай төлеуі тиіс 876 мың теңге сот шығындарын Б.Байбек аутизммен ауыратын балалардың қорына аударамын деген еді. Ол райынан қайтпады. Ендігі кезек Сізде. Тезірек шешімді орындаған өзіңіз үшін жақсы болмақ. Әйтпесе соттың шешімін белгілеген уақытта орындамаса, есеп-шоттар жабылып, дүние-мүлікке шектеу қойылатыны анық. Сол кезде тіпті тұрып жатқан коттеджіңізден айырылып қалуыңыз мүмкін. Ескертпеді демеңіз. Менікі тек жанашырлық.»

Айдары: Түтін 13.08.2021 143

Қатысты мазмұн