Жәкішевтің айтатын ойы жоқ па?..

none

Өткен аптада «Жәкішев тікелей эфирге шығып, еліміздегі қазіргі жағдайға баға береді, көріңіздер...» деген жарнама әлеуметтік желіде толастамай тұрды. Жарнамаға сәйкес, белгіленген уақытта, 8 сәуірде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы жетекшісі, жақында түрмеден шыққан Мұхтар Жәкішев Фейсбук желісінде тікелей эфирге шықты, жұрттың сұрағына жауап берді. «Жауап берді» деген жай ғана сөз, шындығында Жәкішев мардымды ештеңе айтқан жоқ, бастан-аяқ орысша сөйледі...

Ол бостандықтағы алғашқы бірнеше аптаның қалай өткенін, бала-шағасы сағынып қалғанын және оны-мұны әсерімен бөлісті. Түрмеде жатқанда өзін қолдап «Жәкішевке бостандық» деп ұрандап жалғызілікті митинг өткізгендерге алғыс айтты. Мұнда бір гәп бар еді. Ол Семей түрмесінен қымбат көлікке мініп шыққанда, қақпа алдында Жәкішевтің қарапайым қолдаушылары тұрған. Өтірік болмасын, Жәкішев көліктен шығып сол халықтың әрбірінің қолын қысып, алғыс білдіргісі келді.

text

Сол кезде қымбат көліктің ішінен сопаң етіп шыға келген оның әйелі – Жәмила Жәкішева (2-суретте) Мұхтардың алдын оққағары секілді кес-кестеп, күйеуіне ырық бермей алып кетті. Олар сол кеткеннен құйындатып үйіне келді. Онда оны олигарх достары (1-суретте) күтіп отырған еді... Өзінің қарапайым қолдаушыларына қарамай кеткен сол оқиғаның тігісін жатқызғысы келсе керек, Мұхтар Жәкішев экранның арғы бетінде тұрып халыққа алғыс айтты, әйтеуір...

Коронавирус індетінің таралуына қарсы жарияланған төтенше жағдай кезінде Қазақстан экономикасының қатты зардап шегіп жатқаны белгілі. Осы жағдайға байланысты Мұхтар Жәкішевтің айтатын сөзі жоқ екен. Бұрын өзін «дағдарыстан шығу менеджері» деп танытқан Жәкішев ел экономикасына байланысты сұрақтарға жауап бере алмайтынын, себебі қолында ақпараты жоғын және бар ақпаратты сараптап үлгермегенін жеткізді. Ол бұдан кейін де мардымды сараптама бере алмайды. «Күніне екі сағаттан артық жұмыс істесем, қан қысымым көтеріліп кетеді» деді Жәкішев. Сондықтан, бұдан былай да Жәкішевтен ел экономикасының жай-күйі мен келешегі жөнінде сараптама күту – бекер...

Сонда Жәкішев не айтты? Оның ұзынсонар сөзінде бір ғана анық пікір бар. Ол «Атом электр станциясы Қазақстанға керек» деді. Себебі, атом энергиясына қажет шикізат жеткілікті, арзан электр қуаты экономикамыздың қарқынды дамуына мүмкінді береді. Оның бұл ойын атом бомбасы сынағынан әбден зардап шеккен халық қолдамайтыны анық. Тіпті «Жәкішевке бостандық!» деп ұрандаған белсенділер талай мәрте Балқашта атом электр станциясын салуға наразылық білдіріп, шеру өткізген, қол жинап үндеу жасаған. Әлемнің дамыған елдері де атомның қауіптілігін ескеріп, энергия өндірудің залалсыз көздеріне (жел, күн, су) иек арта бастады. Ал Жәкішев болса, «Атом электр станциясы Қазақстанға керек» дейді...

Мұхтар Жәкішевтің тікелей эфирде айтқан сөзін қорытындылай келе, ол «топастанып кеткен бе» деген күдікті ой қылаң берді...

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 09.04.2020 145

Қатысты мазмұн