
Голливуд киностудиясы Warner Bros. "Ұлттық медиа тобына" кіретін Ресей арналарына фильмдерін көрсетуге тыйым салды. "Ұлттық медиа тобына" СТС, РЕН-ТВ, Пятый канал және "Домашний" сонымен бірге more.tv видеосервисі кіреді.
Ақпаратқа қарағанда, киностудияның ресейлік прокатшылармен лицензиялық келісімінің бітуіне әлі бір жарым жыл бар.
Warner Bros. – әлемдегі ең ірі кинокомпаниялардың бірі. Оның танымал жобаларының қатарында Гарри Поттер, "Годзилла 2", "Ғажайып әйел", "Әділет одағы" және өзге туындылар бар. Жаңа жылдық демалыс кезінде осы фильмдер аталған медиа топқа кіретін СТС арнасында жоғары рейтингіге ие болған.
"Бюллетень кинопрокатчика" жазуынша, 2022 жылдың үшінші тоқсанының нәтижесінде ресейліктер арасында ең танымал алғашқы 50 фильмнің қатарына Warner Bros. өнімдері енбеген. Алдыңғы жылдары киностудия жоғары орындарды иеленіп жүрген. Сарапшылардың болжамынша, Ресей Украинаға басып кіргелі бері ресейлік телеарналар ойын-сауық контентінің үлесін азайтып, олардың орнын жаңалықтар пен пропагандистік материалдармен толықтырып жатқан болуы мүмкін.