Ұрылар мал сойып жатқан жерінде ұсталды

none

Ақтөбе облысының Қобда ауданында барымташылар тобы ұсталды, - деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицейлердің мәліметінше, кешкі уақыт кезінде кент шетіндегі Сарыбұлақ тұрғынының ауласынан 113 бас қой ұрланған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы тез арада шығып, күдіктілер аудан орталығына қарай қойларды айдап әкеткені анықталды.

"Іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Қобда ауылының шетінде орналасқан үйлердің бірінің ауласында 5 қасапшы қойларды бауыздау кезінде ұсталды. Олар 23 бас қойды сойып үлгерген. Алдын ала тергеу барысында анықталғандай, күдіктілер қой иесінің жоқтығын пайдаланып, жаяу жүрген қойларды ұрлап, қылмыс орнынан 40 шақырым жерде орналасқан аудан орталығына айдап кеткен", - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдіктілер Қобда мен Сарыбұлақ ауылының тұрғындары болып шықты. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды, сондай-ақ күдіктілердің осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Айдары: Найзағай 11.12.2019 59

Қатысты мазмұн