Украина алаяқ Ахметованы Қазақстанға қайтарады

none

Украинаның Жоғарғы соты қашқын блогер Жанара Ахметованы (лақап аты Жанна Бота) Қазақстанға экстрадициялау жөнінде шешім шығарды. Мұндай шешімге жаны шығып кете жаздаған ол кеше ұлын қасына ертіп алып, Киевтегі Мариинский сарайы алдында наразылық білдірді. Өзін қашқын банкир Мұхтар Әбілязовтің серігі санайтын Жанара Ахметова сот шешімінің саяси астары бар екенін айтып ойбайлады.

Наразылық акциясы кезінде Ахметова «бұған дейін жеткен жетістігіміздің бәрін жоққа шығаратын, карантин уақытында шыққан шешімді кеше алдық, Қазақстан карантин шаралары кезінде кез келген сәтте мені депортациялай алады» деді. Оның былайғы жұртқа онша түсініксіздеу сөзін тәпсірлеп көрейік.

Қашқын блогердің «жетістігіміз» деп жүргені – осы жылдың басында шығарылған Киев апелляциялық әкімшілік сотының шешімі. Бұл шешімде Украинаның миграция қызметінің Жанар Ахметоваға босқын мәртебесін беруден бас тартуына негіз жоқ екені айтылған. Бұған наразы болған мемлекеттің миграция қызметі Жоғарғы сотқа шағымданып, Ахметованы экстрадициялауға жататын тұлға – қылмыстық жауапкершіліктен қашып жүрген адам екенін дәлелдеп шықты.

Жанара Ахметованың «Қазақстан карантин шаралары кезінде кез келген сәтте мені депортациялай алады» деген сөзінде мән бар. Қазір Жанара Ахметованың экстрадициялаудан жалтарып үшінші елге қашып кетуі қиын. Коронавирус пандемиясы жағдайында өмір сүріп жатқан елдер шекарасын бекітіп отыр. Екі ел арасындағы әуе қатынасы ашылса, Жанара Ахметованы баласымен қоса Қазақстанға алып келеді.

Украина демокартиялық елдердің қатарына жатады. Сондықтан кез келген істің саяси сипатын анықтауға тырысады, егер арызданушы қашып кеткен елінде саяси астармен қуғындалса, ондай қашқынға саяси баспана береді. Жанар Ахметованың баласын ертіп Украинаға қашып барып табан тіреунің себебі де сол. Ол өзінің Қазақстанда жасаған қылмысын жасырып қалуға тырысқанымен оған Украина құқық қорғау органдары сенбей отыр.

text

Жанара Ахметованың сөзіне сенбеуге негіз бар. Алғашында оның оппозицияға да, журналистикаға да, Әбілязовке де қатысы болған жоқ. Жанара Ахметова 2007-2009 жылдар аралығында жұртқа «арзан үй алып берем», «ақшаңды пайдалы бизнеске салып еселеп көбейтем» деген сияқты әртүрлі ұсыныс айтып, уәдені үйіп-түгіп, бірнеше азаматтан жалпы сомасы 25 млн теңге алған. Бұл сол кездегі валюта бағымы бойынша 150 мың долларға шамалас қаражат. Бұл сома полиция мен сотқа арызданушылардың арызында көрсетілген цифр ғана. Алаяққа алданып қалғанын өзіне ұят санап, сотқа арыздануды жөн санамаған тағы бір-екі кәсіпкер тағы бар.

«Өтіріктің құйығы бір тұтам» деген рас қой. Көп уақыт өтпей-ақ Жанара Ахметова адамдарды алдап, ақша тауып жүрген алаяқтардың бірі екені мәлім болады. Оған алданып, ақшасынан айырылып қалғандар 2009 жылдан бастап полицияға, кейбірі сотқа арызданды. Сол жылдың сәуір айында Жанара Ахметоваға қарсы бірнеше талап-арызды біріктіріп қараған сот оны ірі көлемдегі қаржы алаяқтығын жасаған деп айыптап 7 жылға бас бостандыған айыру жөнінде, сондай-ақ оның дүние-мүлкін тәркілеп, материалдық запа шеккендердің шығынын жабуға шешім шығарады. Бірақ, соттың бұл екі шешімі де де жүзеге аспай қалады. Себебі Ж.Ахметова осы кезде бала туып алған болатын.

Балалы әйелді түрмеге жабу гуманистік ұстанымға қайшы болған соң, сот баласы 12 жасқа толғанға шейін Жанара Ахметованың жаза мерзімін өтеуді кейінге, яғни 2021 жылға шегереді. Мұны заң тілінде пробация деп атайды. Сотталушыға қолданылатын бұл шектеуде қандайда бір заң бұзбауға, қылмыс жасамауға, алған қарызын мүмкіндігінше өтеуге, жас баласын тастап кетпей бағып-қағуға міндеттеме алынады.

Жанара Ахметоваға қатысты сот шешімінің екінші бөлігі де жүзеге аспады. Себебі, оның өз атына рәсімделген дүние-мүлік табылмады. Ал ол болса, өз еркімен азаматтардан алған қарызын қайтаруға тіпті де әрекеттенген жоқ. Сондықтан, Жанара Ахметоваға алданып қалғандар қайтадан сотқа жүгінді. 2016 жылдың жазында Алматы қаласының Медеу аудандық соты қайтадан Жанара Ахметованың азаматардан алған жалпы сомасы 25 млн теңге қарызын қайтаруын міндеттейтін шешім шығарды. Борышкер алдымен 2 млн теңгеге жуық берешегін өтеу керек болатын. Бірақ, тағы да ол бұл соманы да қайтаруға әрекеттенбеді. Бұл да оған заң бойынша қолданылған пробация шарттарын бұзу еді. Оның үстіне Ж.Ахметоваға алданып қалғандар ақшасын қайтарып алу үшін заң бойынша қуынуды күшейтті. Мұның бәрі Жанара Ахметованың басына қарабұлтты қоюлата түскені белгілі. О бастан әккі әрекеттерді жетік меңгеріп алған алған Жанара Ахметова «қорғанудың ең тиімді әдісі – қарсы шабуылдау» десе керек, қоғамдық саяси белсенді әрекетке көшті. Сот шешімін орындаушылар мен полицияның әрбір әрекетіне ол саяси астар беріп, «мені саяси көзқарасым үшін қуғындап жатыр» деген байбаламға басты.

2017 жылдың наурыз айының соңында Алматының бірнеше тұрғынын алдап, көп ақшасын алып талай жылдан бері бермей жүрген блогер Жанара Ахметова тоғыз жасар баласын ертіп Украинаға қашып кетті.

Жанара Ахметованың жоғарыда айтылған алаяқтығына Украинаның құқық қорғау органдары қанық. Сондықтан оған саяси баспана бермейді, заң бойынша оны экстрадициялауға негіз бар. Егер оны Қазақстанға алып келсе, Жанара Ахметоваға алаяқтық қылмысының жаза мерзіміне пробациялық шартты бұзып қашып кеткені үшін қосымша жыл жамалады.

Берік Мыңжасар

Айдары: Дүрбі 21.05.2020 186

Қатысты мазмұн