Үндістан вирус жұқтырғандар бойынша Ресейден озды

none

АҚШ-тың жетекші эпидемиологы Энтони Фаучидің айтуынша, елдегі коронавирус жағдайы “расымен жақсы емес”, ауруға шалдығушылар саны қайтадан қарқынмен көбейе бастаған.

6 шілде күні Фаучи АҚШ вирустың бірінші толқынына “тізесіне дейін” батты деді. Оның сөзінше, Еуропа мен Азияның кей елдеріне қарағанда АҚШ ауру ошағын бақылауға ала алмаған және экономиканы тым ерте “ашып” жіберген.

Ақ үй басшысы Дональд Трамп елдегі вирус жұқтырғандар саны 3 миллионға жуықтап, қайтыс болғандардың 130 мыңнан асқанына қарамастан экономиканы “қайта ашуға” шақырды.

Індеттің ушығуы бойынша АҚШ-тан кейін екінші орында тұрған Бразилияда коронавирус 1,6 миллион адамнан анықталған. Оның 65 мыңнан астамы қайтыс болған.

6 шілде күні ел президенті Жаир Болсонару бұқаралық ақпарат құралдарында оның вирус жұқтыруы мүмкін екені айтылған соң коронавируске тағы да анализ тапсырып, өкпесін рентгенге түсіргенін мәлімдеді. Популист басшы осыған дейін вирусты жұқтыру қаупін төмендетіп, бұқара алдына маскасыз шыққан, жақтастарымен кездескен.

Үндістан 6 шілде күні коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен Ресейден озып, үшінші орынға көтерілді. Елде 700 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған. Оның 20 мыңы қаза тапқан. Бұл дерек шынайы жағдайды көрсетпейді деген пікірлер бар. Кей сарапшылардың айтуынша, 1,3 миллиард халқы бар Үндістанда вирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар саны бұдан көп болуы мүмкін.

Әлем бойынша COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар 11,6 миллионнан асып, 538 мыңнан астам адам аурудың салдарынан қайтыс болған.

Айдары: Найзағай 07.07.2020 25

Қатысты мазмұн