Үйқамақтағы Елжан Біртановтың денсаулығы нашарлады

none

Жемқорлық күдігіне ілінген бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың адвокаты экс-министрдің денсаулығының нашарлағанын хабарлады. Бұл ақпаратты жергілікті "Астана" телеарнасы таратты.

Адвокат Дмитрий Куряченко телеарнаға берген сұхбатында "тергеу органдарының әрекеті істі объективті жүргізуге емес, Біртановты қудалауға бағытталып отыр" деп мәлімдеген.

"Керісінше, оның кінәсіздігін және қатысы жоғын дәлелдейтін фактілер бар. Айып денсаулық сақтау саласындағы интеграциялық платформа жасаушы хорваттың "Эриксон Никола Тесла" компаниясының өз міндеттерін орындамағаны жайлы күдікке негізделген. Алайда тіпті медицина мекемесіндегі хаттар дауы платформаның жұмыс істеп тұрғанын дәлелдейді" деді адвокат.

26 наурызда сот үйқамақта отырған Елжан Біртановтың қамау мерзімін ұзартқан.

Былтыр қарашада Біртановтың "ірі көлемде қаржы жымқыру" күдігі бойынша ұсталғаны белгілі болған. Сол кезде бірқатар жергілікті БАҚ экс-министрдің цифрландыруға бөлінген 526 миллион теңге көлемінде (1,2 миллион доллар) қаражатты "иемденді" деп айыпталғанын жазды.

Біртанов ұсталғаннан кейін әлеуметтік желіде оны қолдау акциялары өтті. Қолданушылар биліктен оны босатуды сұраған.

Бұған дейін адвокаты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, экс-министрдің "заңсыз қудалануын" бақылауына алуды өтінген.

50 жастағы Елжан Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың маусымның соңына дейін денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Ол коронавируспен ауырғандар саны күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей қалған тұста отставкаға кеткен. Оның орнына Алексей Цой қызметке келді.

Айдары: Найзағай 01.04.2021 30

Қатысты мазмұн