Түркия 9 мемлекеттің елшісін шақырды

none

АНКАРА. ҚазАқпарат – Түркия СІМ-не тоғыз мемлекеттің елшілері Ыстамбұлдағы бас консулдықтарының жабылуына байланысты шақырылды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Бұған дейін Түркия ІІМ Сүлейман Сойлу бірқатар Батыс елдері Анкараға қарсы «психологиялық соғыс» ашып, ешқандай дәлел келтірместен лаңкестік қауіп сылтауымен дипломатиялық өкілдіктерін жапқанын мәлімдеген болатын. «Әділдік және даму» басқарушы партиясының (ӘДП) ресми өкілі Омер Челик батыс елдері бас консулдықтарының жұмысын тоқтатқан сылтау - «ойға қонымсыз», ал бұған қатысты мәлімдемені «жауапсыздық» деп атады. 3 ақпандағы жағдай бойынша, Франция, Швейцария, ГФР, Швеция, Нидерланды, АҚШ, Италия, Дания мен Ұлыбритания Ыстамбұлдағы консулдықтарын уақытша жапты. 30 қаңтарда АҚШ елшілігі азаматтарына Ыстамбұл орталығындағы терактілердің қауіпті екенін ескертті. Олардың пікірінше, лаңкестердің мақсаты шіркеу, синагогалар, Ыстамбұлдағы дипломатиялық миссиялар және шетелдіктер арасында танымал басқа орындар, әсіресе Ыстамбұлдағы Бейоғлы, Галата, Таксим аудандары мен Истикляль даңғылы болуы мүмкін. Стокгольмдегі түрік елшілігі алдында Құранды өртеу салдарынан Түркия мен Швеция арасындағы дипломатиялық жанжал ушығып тұр. Мұндай акциялар Еуропаның басқа елдерінде де болды. Бұған дейін Түркия Швецияда өткен акцияға жауап ретінде Стокгольмнің Солтүстік Атлантикалық келісім ұйымына мүше болу үшін жіберген өтінішін мақұлдамайтынын шешкені хабарланған.

Айдары: Найзағай 03.02.2023 40

Қатысты мазмұн