Тоқаев: Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейді

none

"Нұр-Сұлтан әлемнің басқа елдері сияқты Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейді" деп жазды Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық National Interest сайтындағы мақаласында.

"Қазақстан мен Ресей әлемдегі ең ұзын шекарасы бар елдер ретінде ерекше қарым-қатынасты қолдап келеді. Бұған қоса Украинамен де терең достық қарым-қатынас бар. Біз әлемнің басым бөлігіндегі елдер сияқты Украинаның аумақтық тұтастығын қолдаймыз" деп жазды Тоқаев "Еуразиядағы турбулент уақыт дамуды тоқтатпайды" деген мақаласында.

Тоқаев мақаласында Ресейдің Украинаға басып кіргенін "соғыс" деп атайды. Кремль Ресейдің ішінде соғыс деген сөзді қолдануға тыйым салып, Украинаға басқыншылығын "арнайы әскери операция" деп атады.

Тоқаев мақаласында қақтығысты БҰҰ жарғысына сай реттеуді; екі ел президенттерін кездесіп, мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырды.

Екі жыл бұрын Тоқаев Deutsche Welle сайтына берген сұхбатында Қырымға қатысты аннексия сөзін пайдалану тым ауыр деген еді. Осы сөзінен соң елде және шетелде сынға қалған.

Мәскеудің одақтасы саналатын Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Ресейдің басқыншылығын айыптайтын қарарына дауыс бергенде қалыс қалған еді. 5 сәуірде Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Азаттық тілшісіне "қалыс қалу да позиция", "біз ұлттық мүддемізді ескере отырып дауыс бердік" деген еді.

Тоқаев National Interest сайтындағы мақаласында Қазақстандағы саяси жағдайлар жайлы да жазып, "елдегі жүйе бұрын болғандай белгілі бір адамдар тобына емес бүкіл адамдар үшін жұмыс істеуі керек" деді. Осы арқылы Тоқаев елді отыз жыл басқарған Назарбаевтың билік құрған уақытын меңзеді.

Тоқаев мақаласында Қазақстанда "саяси билік баланста болатынын", ел "суперпрезиденттіктен" "нормативті президенттікке" өтетінін жазған. Қазақстан президенті алда парламентті күшейту үшін конституциялық өзгерістер болатынын да меңзеген. Сарапшылар Тоқаевтың "суперпрезиденттіктен бас тарту" бастамасы косметикалық өзгеріс, автократикалық жүйе сақталады дейді.

Айдары: Төбе 05.04.2022 58

Қатысты мазмұн