Тоқаев кезектен тыс мәжіліс сайлауының күнін белгіледі

none

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихатты таратып, кезектен тыс сайлауын 19 наурызға белгіледі.

Бейсенбі күні Ақордада барлық деңгейдегі мәслихат өкілетін тоқтату және мәжілісті тарату мен кезектен тыс мәжіліс сайлауын тағайындау туралы жарлықтар жарияланды.

"Мәжілістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – конституциялық реформаның жалғасы" деп жазылған Тоқаев атынан таратылған хабарламада.

Тоқаев мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланатынын еске салған.

"Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша, мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады" деді Тоқаев.

Ол сонымен бірге партияны тіркеуге қажет адамдар саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайтылғанын және өзге де "шарттар жеңілдетілгенін" атап өтіп, елде "алғаш рет көп уақыттан бері бірнеше жаңа саяси партия" тіркелді деді.

Тоқаев сайлау бюллетеніне "бәріне қарсымын" графасы енгізілгенін, партиялардың мәжіліске өтуіне қажет меженің 7-ден 5-ке төмендетілгенін алға тартып, соңғысын "демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам" деп атады.

Тоқаев сайлаудың заңға сәйкес өтуі қатаң қадағаланады, бұған ОСК мен бас прокуратура жауапты деді. Сайлауды жергілікті және халықаралық бақылаушылар бақылайды.

"Осы тұста азаматтарымыздың байқаушы ретінде белсенділік танытуы маңызды. Заңға сай барлық кандидат пен партияның бұқаралық ақпарат құралдарына шығуына бірдей мүмкіндік беріледі" деді ол.

Айдары: Найзағай 19.01.2023 34

Қатысты мазмұн