«Төңкеріс симфониясының» дирижері

none

Авантюрашыл қашқын экс-банкир Қазақстанда президент сайлауы өтетін 20 қараша күні революция жасамақ. Президент сайлауына қатыса алмайтын ол әлеуметтік желідегі парақшасында аудиторияға арнап осындай үндеу жасапты. Рахаттана отырып бәрін төңкеруге бейіл олигарх осылай Қазақстанның билігі мен елінен жеке «кегін» алмақшы.

Президент Тоқаевты билікте отырған 3,5 жылда ештеңе жасамады, халықтың өмірін жақсарта алмады, тек уәде берумен келе жатыр деп кінәлайды. Қаңтарда Назарбаевтың ықпалынан «босағандай болды», бірақ одан әрі не? – деп «күйініп» отыр. Тіпті оппозициялық партияларды тіркеуден қорқады, - дейді. Неге? Өйткені «Алга Қазақстан» партиясының құжаттарын Әділет министрлігі тағы да қабылдамапты.

Сондықтан ашуға булыққан «халықтың жанашыры» олигарх, шетелде отырған «төңкеріс симфониясының» дирижері билікті митинг арқылы ғана ауыстыруға болады деп есептейді.

Бұл режимнің орнына тәуелсіз парламенттік республика құрып, премьер-министр креслосына жайғасып алып, бағдарламаға сәйкес жалақы, зейнетақы, жәрдемақыны өсіремін, кредиттерді кешіремін деп уәде беріпті.

Осынау үстірт жалаң популистік ұранмен тұрмыс деңгейі төмендеп кеткен халықтың сеніміне ие боламын деп әуреленеді. Әлеуметтік мәселенің өте өзекті екенін біліп отыр, бірақ геосаяси жағдайдан мүлдем мақұрым сияқты. Посткеңестік аумаққа ғана емес, бүкіл әлемге қауіп төндірген тұрақсыздық жағдайында «қайықты одан әрі шайқалтудың» жақсылыққа әкелмейтінін білмейді емес, біледі. Немесе оның мақсаты елдің іргесін шайқалтып, екінші Ауғанстанға айналдыру.

Қазақстан қалаларының көше-көшесі наразы жұртқа толып, тәртіпсіздік, дүрбелең орнаған көрінісін күні-түні елестетіп отырған Әбілязов өзін астыртын революция ұйымдастыру қамын жасап шетелде жүрген Лениндей сезінсе керек. «Данышпан революционер» өзін өзі жақсы көріп, «айнаға қарап» тамашалаумен әуре екені анық. Өзін шетелдегі оппозицияның жекедара «күн көсемі» деп ойлайды. Қазақстанды қанға бөктіруге бағытталған «төңкеріс симфониясының» дирижері рөлін рахаттана ойнап жүр.

Айдары: Дүрбі 06.10.2022 52

Қатысты мазмұн