Төбелесқой әйелді түрме түзей ме?

none

Бір жылға түрмеге кесіліп, Жамбыл облысындағы ЖД-158/5 қоныс колониясында жазасын өтеп жатқан 52 жастағы Санавар Закирова өзін Аламаты қаласындағы түзету мекемесіне ауыстыруды сұрап жатыр. Ол өзінің өтінішін «жеке басына қауіп төнумен» байланыстырыпты. Айтуынша, бұрын Алматының изоляторында «өзін жабылып ұрған төрт әйелдің бірі Санавар Закировамен Жамбыл облысындағы қоныс колониясына «еріп» барыпты. Желтоқсан айының басында Алматыдан әлгі «бұзық» әйелдің үш «сыбайласы» келіп қосылыпты. Осы жағдайды есіткен Санавар зәре-құты қалмай қорқып отыр. Бұл Санавар Закриованың шыны ма, әлде ол нәзік жанды дәрменсіз әйелдің кейпіне еніп көлгірсіп отыр ма?

Өзін қоғам белсендісі санайтын Санавар Закирова бұзақылығы үшін түрмеге қамалған. Ол 2020 жылдың наурыз айының 8-інде бұрын өзімен керісіп қалған "Нұр Отан" партиясының мүшесі Т.Ш. есімді азаматты үйіне іздеп барған. Дөңбектей Санаварға қарсы Т.Ш. және оның 39 жастағы қызы Д.Ш. қарсы шығып, алыс-жұлыс басталады. Әрине, төбелесте Санавар басым түсті. Ол қарсыластарын оңдырмай ұрып-соғып тастайды, Д.Ш.-ның "денсаулығына орта дәрежеде қасақана зиян келтірді" (Қылмыстық кодекстің 107-бабы, 2-бөлімі, 7-тармағы) деп айыпталып, шілде айында бір жылға сотталды.

Бұл оқиғадан Санавар Закированың екі-үш адамды шопақ құрлы көрмей сабап тастайтын адуан әйел екенін көреміз. Ол өзінің төбелесқой екенін Алматының тергеу изоляторында қамауда болған кезде де дәлелдеді. Қыркүйек айында Алматы тергеу изоляторының басшылығы Закированы "өзімен камералас үш әйелді ұрып-соқты" деп айыптап, бес күнге карцерге қамағанын хабарлаған. Ал Закирова «ол үш әйел өздері маған тиісті, сондықтан мені карцерге заңсыз қамады» шу шығарған. Әрине, түрмедегі төбелесте Санавар «біреуін майып қылып қомайын...» деп, қарсыластарына ауыр соққы жұмсамады, бірақ ол қарсыластарын бұдан былай бас көтерместей етіп басып тастаған. Сондықтан, түрме әкімшілігі Санавар Закированы тәртіп бұзғаны үшін ғана жазалап, карцерге қамап, біраз уақыт оны жұрттан оқшаулап тастаған. Санавар Закирова бұзақылығы үшін бір жыл түрмеге кесілгенде «үкімінің саяси астары бар» деп шу шығарған. Кейін үкіммен келіскендей болды да Жамбыл облысындағы қоныс колониясына жеткен соң, «жаза мерзімнің қалған бөлігін айыппұлмен ауыстыру» жөнінде Тараз қалалық сотына арызданған. Арызда ол өзінің «қоғамға қауіпті адам емес» екенін жазыпты. Біреуді ұрып-соғу үшін үйіне іздеп баратын адам қалайша «қоғамға қауіпті емес»? Тіпті, бұзақылығы үшін қоғамнан оқшаулап тергеу изоляторына қамап қойғанда ол сондағы камераластарын ұрып-соғып тастады емес пе?! Егер осы екі оқиғаны еске алсақ, Санавар Закирова - қоғамға ғана емес, түрмедегі сотталушыларға да қауіп төндіретін адам.

Екі-үш адамды қиналмай ұрып тастайтын дөңбектей Санавардың «қоныс колониясына маған қастық жасамақ болған әйелдер келді, олар төртеу болды, мен жалғызбын» деп байбалам салуы жөн бе? Әрине, бекер. Қайта сол төрт әйел «қайда барсақ та, Санавар алдымыздан шығады...» деп жыларман болып қайғырып жатқан шығар. Әрине, олар «бізді басқа түрмеге ауыстыр» деп арызданудан нәтиже шықпайтынын біледі. Себебі әйелдерге арналған қоныс колониясы көп емес, әр аймақта біреу ғана. Оның үстіне, қоныс колониясының ішкі тәртібі бар, төбелес шығарып, біреуді ұрып тастағаны үшін сотталушының бұрынғы жазасына жаза қосылады да ол қатаң режимдегі түрмеге жіберіледі. Сондықтан әлгі «бұзақы» төрт әйелге Санавар өзі барып соқтықпаса, олардың төбесқой белсендіге тиісе қоюы неғайбыл.

Сәкен Түсіпбек

Айдары: Түтін 11.12.2020 80

Қатысты мазмұн