Тараз: планшетке таласқан ағасы қарындасының басын жарып өлтірді

none

Таразда туған қарындасын өлтірді деген күдікпен 15 жастағы бала ұсталды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, жасөспірімнің бұл әрекетіне қарындасының гаджетті бермей қойғаны себеп болған көрінеді. Көршілерінің айтуынша, 10 жастағы қыз ұйқыға жатқанда ағасы балғамен ұрыпты. Күдікті дереу қамауға алынып, тергеу жұмыстары басталған.

Оқиға қаланың шеткі ауданында болған. Қанды қылмыс түнгі 12 шамасында болыпты. Ауылдастардың айтуынша, ағасы мен қарындасы арасындағы планшетке талас күндіз басталған. Тіпті осы даудан кейін 10 жастағы қыз көршінің үйіне қашып келген.

"Қызды үйден шығарып жіберген. Келіп біздің талдың астына жатты. Қатты жауын жауып тұрды. Үстіне жабатын көрпеше алып жатты. Менің қолшатырымды алды. Сындырып қоя ма деп, қайтарып алдым. Сосын үйіне кеткен", - дейді көршісі Шынар Мырзахметова.

Көршілерінің айтуынша, үйіне қайта оралған жеткіншекті өзінің туған ағасы ұйқыда жатқан жерінен балғамен ұрып өлтірген. Ал денесін далаға сүйреп шығарып тастап, өзі түк болмағандай көппен бірге бауырын іздеген көрінеді.

4-сынып оқушысының өлі денесі көрші үйдің маңындағы бағананың түбінен табылған. Оны ең алғаш ауылдастарының бірі анықтап, дереу жедел жәрдем шақыртыпты. Сол куәгердің айтуынша, марқұмның басына қатты соққы тиген болуы мүмкін. Әрі ол жойқын болса керек. Себебі, оның бас сүйегі жарылып кеткен.

"Көргенімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Әлі өз-өзіме келе алатын емеспін. Басы қақ айырылған. Миы шашылып кеткен. Айналаның бәрі қан", - дейді куәгер.

Тәртіп сақшылары бұл дерекке қатысты толық ақпарат бермеген. Тек қайғылы жағдайдың болғанын және күдіктінің қамауға алынғанын растады.

"Тергеу амалдарын жүргізу барысында жәбірленушінің ағасы 15 жасар күдікті анықталып ұсталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 3-бөлігі (жас баланы өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", - дейді Тараз қаласының ПБ 2 полиция бөлімі бастығының орынбасары Жандос Мәметқұлов.

Күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленіп, Тараз қаласының тергеу изоляторына қамалды.

15 жастағы бала қарындасын өлтірді дегенге көршілерінің көбі сенбейді. Ол тумысынан момын, жуас еді деп отыр. Ал қаза тапқан 10 жастағы қыз төрт жылдан бері каратэмен шұғылданған екен. Айта кетейік, бір перзентінен айрылып, екіншісі сотталғалы жатқан ерлі-зайыптының бес баласы болған.

Айдары: Найзағай 20.05.2020 33

Қатысты мазмұн