Тақия кигеннің бәрі періште ме?

none

Қытай қазақтары мен оралмандар проблемасымен шұғылданатын «Атажұрт жастары» ұйымы белсендісі Қыдырәлі Оразұлының былығы бүгінде бес айшылық жерге жетті. Өйткені, Қыдырәлі өзінің қоғамдық қызметін бұлдап, жұрттың алдап ақшасын алып, қарызын қайтармай кететін жаман әдетке үйреніп алыпты. Үнемі Қытай қазақтарының жанашыры кейпіне еніп алған Қыдырәлі Оразұлының үстінен арызданып жатқандар күн санап өсіп келеді.

Қазан айының ортасында оралман жас кәсіпкер Нұрқабыл Оқай өзінің 1 млн теңгесін Қыдырәлі Оразұлының бермей жүргенін айтып, полицияға арызданған. Арызданушының айтуынша, оқиға 10 қазанда болған. АҚШ-қа сапарламақ болған Қыдырәлінің виза алуына қиындық туады. Виза беру шарты бойынша, ол есепшотында қомақты ақша барын дәлелдейтін банк анықтамасын елшілікке тапсыруы тиіс. Сондықтан, Нұрқабыл Оқайға 20 минут мерзімге 1 млн теңге қарыз бере тұруын өтінеді. Екеуі Каспибанкте кездесіп, Нұрқабыл оның есепшотына сұраған ақшасын салады да, банк анықтамасын алу кезегіне тұрады. Анықтама алған соң Қыдырәлі есепшотынан 1 млн теңгені қайта шешіп алып, қарызды қайтару керек болатын. Кенет, Қыдырәлі «сен кезекте тұра бер, мен баламды спорт үйірмеге апарып тастап келейін» деп шығып кетеді. Сол кеткеннен Қыдырәлі оралмайды, телефонын өшіріп тастап жоқ болады. Жас кәсіпкер банкте Қыдырәліні 4 сағат күтеді, амалы таусылған соң полицияға арызданады...

Бұл оқиғаның түйіні екі тарапты полицияның беттестіру арқылы шешілгендей болды. Алғашында түрлі сылтау айтып, түлкібұлаңға салған Қыдырәлі бұлтартпас дәлелден қашып құтыла алмады. Әдіс-айласы таусылған ол жас кәсіпкерге 1 млн теңгені 3 айда қайтарып беру жөнінде қолхат берді. Бұл оқиға ютуб әлеуметтік желісіндегі «Түгел сөз» арнасында көрсетілген. Осыдан кейін Қыдырәлі Оразұлының үстінен арызданушылар көбейді.

text

2018 жылдың күзінде Қыдырәлі Оразұлы қасына бір кісіні ертіп, Түркия арқылы Женеваға бағыт алады. Стамбұл әуежайында Қыдырәлінің серігіне қатысты қиындық туындайды. Оларға көмек беру үшін әуежайға Стамбұлда тұратын Бабусалам Оқутан және Өмірбек Бегалы келеді. Осыдан кейін Қыдырәлі мен оның серігіне қатысты түйткілді мәселе шешілгендей болады. Бірақ олардың Еуропаға ұшу маршруты өзгереді. Өз ақшасының басқа бір жерде қалып қойғанын сылтауратқан Қыдырәлі Бабусалам Оқутаннан 700 доллар, Өмірбек Бегалыдан 500 доллар ақша қарызға сұрап алады. Келісім бойынша, Қыдырәлі Оразұлы Қазақстанға келген соң қарызын қайтаруы тиіс еді. Бірақ, ол сол күйі ақшаны бермей кетеді. Қарыздың қайтпайтынына көзі жеткен Түркия қазақтары Қыдырәліге шарт қояды. «Қыдырәлі, сен бізден алған ақшаны Қытайдан Қазақстанға қоныс аударып, тұрмыс тауқыметін тартып жатқан оралмандарды қолдау қорына қос» дейді. Бабусалам Оқутанның айтуынша, Қыдырәлі бұл аманатты да орындамаған, ақшаны «жеп» кетеді.

Бабусалам Оқутанның Қыдырәлі Оразұлына тағы бір реніші бар. 2018 жылы асыраушылары Қытайдың «саяси үйрену» деп аталатын концлагерлеріне қамалып, Қазақстанда қараусыз қалған тірі жетімдер мен тірі жесірлерге жаны ашыған Еуропа қазақтары көмек көрсетпек болады. Олар Бабусалам Оқутан арқылы «Атажұрт жастары» ұйымының жетекшісі Қыдырәлі Оразұлына жалғасады. Келісім бойынша, Еуропадан қаржы жинап шыққан екі адам оралмандар қоныстанған аймақтарды аралап, көмекке зәру отбасыларға киім-кешек пен азық-түлікті өз қолдарымен табыстауы керек. Бұл шаруадағы Қыдырәлі Оразұлының міндеті Еуропадан келген әлгі екі адамға жол сілтеп, бағыттап отыруы тиіс еді. Бірақ, Қыдырәлі Оразұлы тағы да түлкібұлаңға салып, Еуропадан келген кісілерге «ақшаны маған тастап кете беріңдер, кімге көмек беруді мен жақсы білем» деп ыңғай бермейді. Еуропа қазақтарының тапсырмасын мүлтіксіз орындау үшін келген кісілер мен Қыдырәлі Оразұлының арасында кикілжің туады. Сөйтіп, әлеуметтік көмекті әр отбасыға өз қолымен табыстауға келген Еуропа қазақтары Қазақстаннан ренжіп қайтады.

«Қулығына құрық бойламайтын» Қыдырәлі Оразұлына қатысты тағы бір оқиға бар. «Атажұрт жастары» ұйымы Қытай қазақтарының проблемасына әлемнің назарын аудартуға сеп болсын деп Германия азаматы Өмірхан Алтынды Қазақстанға шақыртады. Осы бастамаға мұрындық болған Қыдырәлі Оразұлы Өмірхан Алтынның 1000 еуроға шамалас жолкүре шығынын өзі өтейтіні жөнінде уәде береді. Рас, ол уәдесінде тұрды. Қалай? Гәп осында. Алматыда дәріхана бизнесімен шұғылданатын Қыдырәлі Оразұлы өзінде ақша бола тұра өзі сияқты оралман кәсіпкер Ерлан Бекмырзадан қонақтың жолкүре шығынын өтеп беруге көмек сұрайды. Қыдырәлінің күмәнді жүріс-тұрысынан сезіктенген ол 400 мың теңгесін Өмірхан Алтынның өзіне апарып береді. Мұны көріп-біліп отырған Қыдырәлі жас кәсіпкер Болатжан Сауытқа да қолқа салады. «Оралмандар мәселесі үшін» десе, малы былай тұрсын, жанын салатын жас кәсіпкер Болатжан Сауыт Өмірхан Алтынның жолкүресіне деген ақшаны Қыдырәлінің қолына ұстата салады. Ал Германияда тұратын Өмірхан Алтын жолкүреге деп тек Ерлан Бекмырзаның ғана ақша бергенін айтып отыр. Ал Қыдырәлі Оразұлы болса, Болатжан берген бір мың еуроны өз қалтасына салып, «сындырып» кетіпті.

Қазақ қоғамына оралмандардың жайын күйттегенсіп танылған Қыдырәлі Оразұлының бұдан басқа да былығы көп. Ол көбіне базарда сауда жасайтын, шағын кәсіппен айналысатын оралмандардан қарызға ақша сұрап алып, бермей кетіп жүр. Олардың айтуынша, бір қарағанда Қыдырәлі зиялы адамдай көрінеді, сыпайы мұрт қойып, басынан қазақы тақиясын тастамайды, адамның іш-бауырына кіріп, жымиып жылы сөйлейді. Оның үстіне, өзінің қара басының қамын емес, ұлттың, әсіресе оралман қазақтардың қамын ойлап жүрген жанашыр азамат кейпін жымын білдірмей сақтай біледі. Осы себепті олар Қыдырәліге үнемі алданып қала береді екен. Соған қарағанда, тақия кигеннің бәрі періште емес деген қорытынды жасауға болады.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 21.11.2019 508

Қатысты мазмұн