Тайжан бөтеннің тауық-жұмыртқасынан дәмелі

none

Қазақстанның оңтүстік астанасын талқандап, еліміздің басқа қалаларында да солай істемек болған мыңдаған тонаушының бассыздығынан бейбіт шеру қанды қырғынға ұласқан қаңтар оқиғасын Қазақстан халқы ұмытпайды. Өкініштісі, көп жылғы қажырлы еңбектің арқасында салынған өзгенің кәсібін тонап, құрдымға жіберуге құштар люмпендер әлі де көп. Оның үстіне, елге жеккөрінішті белсендісымақтардың араны ашылып, енді жай ғана дүкендер мен офистерді емес, елдің ауыл шаруашылығының, азық-түлік қауіпсіздігінің іргетасы болып отырған гүлденген компанияларды құртуға дайын, деп жазады «kazakh-zerno.net».

Әңгіме ауыл шаруашылығы саласында хайп жасауға әуес Мұхтар Тайжан туралы болып отыр. Осыдан бір жыл бұрын жер заңнамасы талқыланып жатқан кезде ол еліміздегі ірі жер иеленушілердің барлығына күйе жағып, олардың белгілі бір лимиттен артық мерзім жерге иелік ету құқығын шектеуге үндеген болатын.

Саланың нағыз кәсіпқойлары, яғни жастайынан жерде жұмыс істеп, шаруа еңбегінің қаншалықты ауыр екенін білетін адамдар жер телімінің АУДАНЫН емес, әр шаруа қожалығының жерді пайдалануының ТИІМДІЛІГІН бағалау қажеттігін айтып жатқанда Тайжан әбден популизмге ұрынды. Шынтуайтына келгенде, ол «латифундистер» деп аталып жүрген және іс жүзінде Қазақстанды асырап отырған, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін жасайтын ірі бизнесті талқандап, жоюға үндеді. Өйткені мал шаруашылығында да, егіншілікте де ауданы шағын жер телімінде жоғары еңбек өнімділігіне қол жеткізу мүмкін емес екенін әркім түсінеді. Сондықтан «латифундист» терминіне қандай да бір жағымсыз мағына берудің еш қажеті жоқ. Ол иелігіндегі жерді тоздырмай, оны сауатты және жүйелі түрде культивациялап, сол арқылы ұзақ жылдар бойы жақсы нәтиже алу үшін оның құнарлылығын сақтай отырып, агротехнологияларды қолданатын табысты кәсіпкер ғана.

Жер үшін шайқас басылғаннан кейін Мұхтар Тайжан субсидия тақырыбына ауысты. Бұл жерде ол еш себепсіз аграрийлерге шүйлікті. Шаруаларға бөлінген кез келген мемлекеттік қолдау бірден банкирлердің, ауыл шаруашылығы техникасы мен тыңайтқыштарды сатушылардың есеп-шоттарына кететінін, ал шаруалардың өзіне ешқандай пайда әкелмейтінін түсінбейтін кейіп танытып, олардың қалтасындағы ақшаны қайта-қайта есептеуден жалықпады. Олар үшін субсидия (айтпақшы, оның мөлшері Еуропа мен АҚШ-ты айтпағанда, көршілес елдермен де салыстыруға келмейтіндей аз) – құлдыраудан аман қалып, одан әрі дамуға мүмкіндік. Бұл сала дамымаса, ертең жейтін нәрсе таппай қалуымыз мүмкін.

Субсидияға «тыйым салғыш» рөлін ойнап табысқа жете алмаған Мұхтар Тайжан (бұл жүйе тағы бір жылға өзгеріссіз қалды) қайтадан барлық назарын жерге аударды. Бірақ бұл жолы ол Максим Божко басқаратын «Шаңырақ» құс шаруашылығы холдингін нақты нысана етіп таңдады. Бұл компаниялар тобына жұмыртқа және ет өндіретін бірнеше құс фабрикасы, сондай-ақ құс жемі өсірілетін егістік алқаптары кіреді.

Бұл жерде бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы шарықтап кеткен кезеңде аса өзекті болып отырған ең маңызды нәрсені түсінуіміз керек: бірде-бір құс фабрикасы құстың азығын өзінің жерінде өсірмесе, қызметін жүргізуі мүмкін емес екені анық. Жем сатып алу мүмкін емес – бағасы шарықтап кеткен майлы дақылдарды былай қойғанда, тіпті қарапайым астық – ол да бір жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда екі есе қымбат.

Қазір «Шаңырақ» жемге деген сұранысының жартысын ғана қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан компания өзінің қажеттілігін өтеу үшін көбірек жер алуы керек. Бірақ қазір не болып жатыр? Мұхтар Тайжан компания мен оның басшысының ізіне түсіп, бұған қоғамдық пікірді қатыстыруға барын салып жатыр. Бұған сылтауы: Ақмола облысының Целиноград ауданында жер теліміне құқық алу кезінде кейбір заң бұзушылықтар орын алды-мыс. Бізде істің байыбына бармастан ашуға мінетін, дереу қорытынды жасауға бейім, біреу келіп әлдебір популистік ұран тастаса, тонауға кірісуге дайын тұрған адамдар баршылық – қаңтар оқиғасы кезінде Алматының орталығын тонаумен айналысқандар тура солар.

Мұхтар Тайжан мен оның «комментаторларының» үндеуі іске асты деп елестетіп көрейікші: құс фабрикалары жерінен айырылады. Одан кейін не болады? Олар онсыз да қымбат тұратын жұмыртқа мен құс етінің бағасын көтеруге, не жабылуға мәжбүр болады. Екі жағдайда да зардап шегетін халық – ең маңызды әлеуметтік өнімдердің, құстың еті мен жұмыртқаның бағасы бұдан да шарықтайды. «Саясаткер» Тайжанның халықтың қамын жегені осы ма?!

Тайжанның әлеуметтік желіде жариялаған Максим Божконың компаниясын жер телімінен айыруды көздейтін жазбасының астындағы пікірлерді оқысаңыз, жағаңызды ұстайсыз: адамдар тек көре алмаушылыққа, бөтеннің байлығына және жеке жеккөрінішке негізделіп, ашықтан-ашық тонауға шақырып отыр. Құдды біз өркениетті елде емес, тас дәуіріндегі үңгірде өмір сүріп жатқандаймыз.

Бұл жерде ең қорқыныштысы – біз мұның бәрін басынан өткердік. Ұжымдастыру мен советтендіру тарихын, мал-мүлікті кәмпескелеу кезеңін еске түсірсе жеткілікті – қазіргі хайпожёр саясаткерлер осының бәрін қарғап-сілеуден жалықпайды, ал іс жүзінде тура сол жолмен кетіп бара жатыр. Еліміз міне 30 жылдан астам уақыт шығуға тырысып жатқан баяғы тығырыққа қайтадан барып тірелуіміздің не керегі бар? Қазақстан халқының Тайжанға еріп КСРО-ға қайтып оралуының не қажеті бар?

Осындай жүгенсіздікке бой бергендерді ақылға шақырған дұрыс пікірлі адамның жалғыз жазбасы түнекте жол табуға көмектесетін шамшырақтай көрінеді. Ол пост авторына, яғни Мұхтар Тайжанға қаратып былай деп жазды: «Әлеуметтік алауыздық, қоғамда араздық пен дұшпандық қоздыру, қазіргі билікті құлатуға шақыру, тәртіпсіздікке шақыру – мұның бәрі үшін сізді орынды түрде жауапқа тартатынына сенімдімін!»

Енді Қазақстанның арнайы қызметі мен құқық қорғау органдарына мынадай сұрақ қою керек: сіздер өміріне көңілі толмайтын адамдарды әр түрлі айла-шарғымен жұмсап, дұшпандығын өздеріне тиімді бағытта пайдаланып отырған қылмыскерлер мен хайпожёр-саясаткерсымақтардың қоғамда өшпенділік қоздырғанын назардан тыс қалдырдыңыздар. Қаңтардың қайғылы оқиғасынан неге қорытынды шығармадыңыздар? Неліктен осындай «пікір көсемдерінің» қоғамда араздық қоздыру әрекетінің тамырына балта шаппайсыздар, неге бизнесті және жай қазақстандықтарды әзірге виртуалды нұсқада, бірақ бүгін-ертең шындыққа айналатын кемсітуден қорғамайсыздар?

Егер қандай да бір мәселеде бизнесмендікі дұрыс болмаса, Қазақстанның құқық қорғау жүйесі бар, соттары бар, кез келген бұзушылықты тергеп-тексеріп, заң аясында жоюға тиісті құқығы мен өкілеттігі бар басқа да мемлекеттік органдар жұмыс істейді. Ал жексұрын қайраткерсымақтардың тағы да халықтың әлеуметтік наразылығын тұтатып, оны қандай да бір жаппай акцияларға ұластыруға амал жасауы – бүкіл елімізге, бүкіл халқымызға қатер төндіреді. Билікке өтініш, тиісті іс-қимыл жасап, Қазақстанды тас дәуірінен 21 ғасырға қайтарыңыздар. Әйтпесе кеш болады.

Мырзабек Смағұлов

Айдары: Түтін 13.09.2022 341

Қатысты мазмұн