Тәжікстандағы азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мәселелері

none

«The Global Food Security Index 2021» авторлары Тәжікстанды азық-түлік қауіпсіздігі деңгейі орташа елдер тобында кіргізіп, 113 позицияның ішінде 83-ші орынға орналастырды. ТМД Статкомитетінің мәліметтері көрсеткендей – Тәжікстан Республикасы қазір ең төменгі тұтыну себетін құрайтын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге тырысатыны байқалады. Мысалы, соңғы 20 жылда ет өндірісі жан басына шаққанда 5 кг-нан 19 кг-ға дейін өскен, Жұмыртқа (4 данадан 100-ге дейін), астық (88-ден 180 кг-ға дейін), картоп (58 кг-нан 104 кг-ға дейін), көкөністер мен жемістер (50-ден 260 кг-ға дейін) ұлғайып, тамақ өндірісінің көрсеткіштері жақсарды.

Шетелде жұмыс істейтін мигранттардың табысынан келетін ақша аударымдары көптеген отбасы үшін негізгі табыс көзі болып табылады. Пандемия басталған кезде бұл түсімдер ІЖӨ-нің 30 пайызын құраған болатын. Covid-19 салдарынан туындаған сапарларға шектеулер кезінде ақша аударымдары 15 пайызға төмендеп, халық азық-түлік шығынын 60 пайызға азайтуға мәжбүр болды. Орташа есеппен алғанда, Тәжікстан тұрғындары азық-түлік сатып алуға жалпы бюджетінің 55% жұмсайды.

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі тек табыс деңгейінің қаншалықты екеніне ғана емес, өнімді сатып алу мүмкіндігіне де байланысты. Азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейін қалыпты деп анықтауға негіз болатын теңгерімсіздіктің негізгі себептерінің бірі – ауыл шаруашылығының әлсіздігіне байланысты. Халықтың шамамен 70%-ы ауыл шаруашылығымен айналысқанымен, ауыл шаруашылығы өнімі ЖІӨ-нің тек 22%-ын құрайды. Бұның басты себебі – уақытында ауыл шаруашылығын жаңғырту барысында жіберілген стратегиялық қателіктерге байланысты.

Қазір халықаралық қоғамдастықтың араласуымен ауыл шаруашылық үлесінің тиімділігін арттыру жүйесін қайта құру процесі жүріп жатыр. Дегенмен әлі де жаһандық экономикалық құлдырау, елде арзан несие көздерінің болмауы, материалдардың, тыңайтқыштардың қымбаттауы, салық төлемдері шаруа жұмысынан пайда табуға мүмкіндік бермей отыр. Халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі, көлік тарифтерінің өсуі фермерлерді өз өнімдерінің бағасын өздеріне шығын келтіретін деңгейге дейін түсіруге мәжбүр етеді.

Тәжікстан не себепті азық-түлік импортына соншалықты тәуелді?

Тәжікстан өзінің жеке өндірісінің күшімен азық-түлік қажеттілігінің тек 40%-ын жаба алады. Салдарынан теріс сауда балансы жылына шамамен $800 млн АҚШ долларын құрайды екен. Тәжікстанның азық-түлігінің 30%-ы РФ-нан және 1%-ға жуығы Украинадан импорт түрінде келеді. Ресейден Тәжікстанға азық-түлік жеткізудің пайыздық үлесі біршама төмендетілуі мүмкін, өйткені бұл тауарлар Тәжікстанға көп жағдайда ең ірі азық-түлік жеткізушісі болып табылатын Қазақстан делдалдары арқылы келеді және оның үлесі 40% құрайды.

Тәжікстанға келетін үшін азық-түлік импортының негізгі түрін – бидай мен бидай ұны, өсімдік және басқа да май түрлері мен қант өнімдері құрайы. Осы аталған үш өнім түрі ғана бүкіл импорттың 55%-на тең келеді. Тағы 10% мал шаруашылығына қажетті азықтық дәнді-дақылдар мен майлы дақылдар.

Ресей-Украина қақтығысы басталғаннан кейін макаронның бағасы айтарлықтай өсті, олар Тәжікстанда қазақстандық ұннан өндіріледі. Жергілікті макарон 30%-ға қымбаттады. Ресей Федерациясында өндірілген макарон өнімдерінің бағасы 50%-ға дейін көтерілді.

Қымбатшылық тіпті жергілікті өндірілген күнбағыс және мақта майының бағасына да әсер етіп, өнім құны 20-30%-ға көтерілді. Бағаны тұрақтандыру мақсатында Өзбекстаннан мақта майы импортын арттырып, тауар жеткізудің балама жолдарын да іске қосуға әрекет жасалды. Дегенмен, өсімдік майы құнының өсуі халықтың аз қамтылған топтары үшін бұл өнімнің қолжетімділігін алыстата түсті.

Тәжікстанға қант ішінара Ресей мен Беларусьтен әкелінеді. Алайда, негізгі жеткізуші Үндістан мемлекеті және бұл ел жеткізілім көлемін ұлғайтуға қабілетті. Дегенмен де, тәжікстандық қоғам үшін жоғары сапалы өнім болып саналатындықтан ресейлік қант негізгі сұранысқа ие.

Бұл жерде мән беретін дүние – Тәжікстан халықтың аз қамтылған топтары тұтынатын азық-түлік өнімдерін көп мөлшерде негізінен сырттан импорттайды. Себебі бұл елдің ішкі әлеуметтік тұрақтылығын сақтау үшін стратегиялық маңызды. Ал азық-түлік экспорты салыстырмалы түрде жылына 100 миллион доллардан аз.

Елдің экспорт әлеуеті – көптеген позициялар бойынша тым жоғары емес. Жемістер мен кептірілген жеміс өнімдері, сондай-ақ ішінара ерте пісетін көкөністер бюджет кірісі үшін маңызды саналады. Бірақ өнімді экспортқа шығару мүмкіндігі ішкі нарықтағы бағаны ұстап тұруға көмектеседі.

Қорыта айтқанда, биылғы жылдың аяғына дейін азық-түлік қауіпсіздігі жағдайы Тәжікстан тұтынушылары үшін қиын болуы мүмкін деп болжануда. Себебі Украинадағы соғыс созылып барады, ал Ресейге санкциялық қысым күшейе түсуде. Бұл әрине жалпы әлемдік азық-түлік нарығындағы жағдайдың шиеленісіп, қиындай түсіне әкеледі. Тәжікстандағы жағдайға негізінен астық және басқа да базалық өнімдер бойынша енгізілген сауда шектеулері теріс әсер етеді.

Тағы бір маңызды мәселе Тәжікстан еңбек мигранттарының Ресейдің еңбек нарығында қаншалықты сұранысқа ие болатыны – Ресей экономикасының санкцияларға қалай қарсы тұратынына байланысты. Себебі елдің макроэкономикалық көрсеткіштеріне еңбек мигранттарынан түсетін қаржы трансферттері тікелей әсер ететін болады. Егер мигранттардың ақша аударымдарынан түсетін кірістер азайған жағдайда олардың отбасылары жеткілікті мөлшерде азық-түлік сатып ала алмайды және бұл елдегі әлеуметтік жағдайға айтарлықтай әсер етері сөзсіз.

«Еуразиялық мониторинг» ОТИ талдау қызметі

Айдары: Дүрбі 23.08.2022 38

Қатысты мазмұн