Тәжікстанда кепілде болған қырғыз азаматтары босатылды

none

1 мамырда Тәжікстанда кепілді болған 10 қырғыз азаматы босатылды. Олар Лейлек ауданындағы медициналық орталыққа жіберілді. Бұл туралы Қырғызстандағы Баткен облысы әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Хабарламаға қарағанда, Тәжікстан азаматтары 29 сәуірде Интернационал ауылының басшысы Мырзабек Жұмабаевты және одан бөлек 9 қырғыз азаматын кепілге алған. Олар Баткен облысы басшысы Омурбек Суваналиев пен Тәжікстандағы Соғды облысының басшысы Раджаббой Ахмадзода арасындағы келіссөзден кейін босатылған.

28-29 сәуірде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында әскери қақтығыс болып, салдарынан 34 қырғыз азаматы қайтыс болды. Қырғызстан аумағындағы елді мекендерден 20 мың адам көшірілді. Тәжікстан билігі әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат бермеді, бірақ Азаттықтың Тәжік қызметі қақтығыс кезінде қаза тапты деген 15 адамның аты-жөнін анықтады.

1 мамырда Баткен облысында қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау және демаркациялау жөніндегі үкіметтік делегациялары келіссөз жүргізіп, нәтижесінде тараптар қақтығысты толық тоқтататынын, әскерді тұрақты орнына қайтаратынын мәлімдеді.

Айдары: Найзағай 02.05.2021 95

Қатысты мазмұн