Сот Болат Әбіловке айыппұл салды

none

Өзін оппозиционер деп көрсетіп, биыл саясатқа қайта оралған Болат Әбілевке 23 тамыз күні Алматының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыппұл салды. Бұған себеп болған - адвокат Абзал Құспанның шағымы. Кәсіпкер әрі саясаткер Болат Әбілов ҚР Әкімшілік кодексінің "Жала жабу" бабы бойынша (73-баптың 3-тармағы) айыппұл төлеуге тиіс. Әбіловтің айтуынша, оның көлемі 572 400 мың теңге (180 айлық есептік көрсеткіш). Сот процесі онлайн өткен.

Адвокаттың сөзінше, сотқа жүгінуіне кәсіпкердің журналист Дәнеш Байболатқа берген сұхбаты себеп болған. "Майдан" деп аталатын ютуб арна 31 шілде күні жариялаған сұхбатта қаңтар оқиғасына байланысты қойылған журналистің сұрағына жауап бере отырып кәсіпкер Болат Әбілов адвокаттар Абзал Құспан мен Айман Омарованы "биліктің адамдары", "қызыл адвокаттар" деп атаған. Әбіловтің айтқан сөзін жала деп есептеген адвокат сотқа 17 тамызда арыз түсірген. Абзал Құспан бүгінгі сот отырысынан соң әлеуметтік желідегі парағына "Бұл мәселе бір әкімшілік іспен аяқталмайды. Алда ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы азаматтық іске ұласады" деп жазды.

Айыппұл төлеуге міндетті Болат Әбілов сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. "Аманат" комиссиясының жетекшісі Абзал Құспанның қаңтарда мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен кездесуін, наурызда президент қолынан марапат алуын билікке жақындық деп есептейтінін айтқан Әбілов бүгінгі сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым дайындап жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, сотқа дайындалуға уақыт тығыз болған, процесті кейінге қалдыруды сұрағанымен, судья өтінішті қабылдамаған.

Қаңтар оқиғасынан соң адвокат Абзал Құспан "Аманат" дейтін қоғамдық комиссия құрып, дүрбелең кезінде ұсталып, тергеуде азапталған адамдардың абақтыдан босату мәселесімен айналысқан. Ол Алматы, Талдықорған, Шымкент сынды бірнеше қалаға барып, тергеу изоляторында отырғандармен кездескен. Қоғамда адвокатты "биліктің адамы" дейтін пікірлер сол кезде де жиі естілген. 11 ақпан күні Азаттық журналисінің сұрағына жауап берген Абзал Құспан "Аманат" комиссиясын құру биліктің тапсырмасы емес, өзінің еркі екенін айтқан.

2000 жылдардың басында оппозиционер ретінде әрекет ете бастаған Болат Әбілов 2013 жылы саясаттан кеткен болатын. Қаңтар оқиғасынан соң ол популистік мәлімдеме жасауға көшіп саясатқа қайта араласа бастады. Мамыр айында "Біздің таңдау" атты партия құратынын мәлімдеген.

Айдары: Түтін 24.08.2022 92

Қатысты мазмұн