Солтүстік Корея құрлықаралық баллистикалық зымыранын сынады

none

Солтүстік Корея 18 қарашада құрлықаралық баллистикалық зымыранын сынады. Ол Жапониядан шамамен 200 шақырым жерге құлаған.

Журналистердің сұрақтарына жауап берген Жапонияның ресми тұлғалары сыналған зымыранның АҚШ аумағына жетуге шамасы барын айтты.

Токиодан бөлек, Солтүстік Кореяның зымыран сынағы жөнінде Оңтүстік Корея билігі де айтты. Бір күн бұрын Солтүстік Корея қысқа қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымыранын сынап, аймақтағы одақтастарымен қауіпсіздік саласында өзара байланысты нығайтуға күш салып отырған АҚШ-тың талпынысына "қатаң жауап беретінін" ескерткен. Пхеньян Вашингтон "кейін өкінетін авантюраға барып отыр" деп мәлімдеген.

Солтүстік Корея биыл көп сынақ өткізіп, рекорд жасады. Жуырда АҚШ пен Оңтүстік Корея жаттығу өткізіп жатқан кезде теңізге жүздеген артиллериямен оқ атқан. Маневрлердің кейбіріне Жапония да қатысқан.

Жексенбі күні Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ел, Жапония премьер-министрі Фумио Кисида мен АҚШ президенті Джо Байден Камбоджадағы келіссөзде әскери ынтымақтастықты арттыруға келіскен.

АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің ресми өкілі Эдриен Уотсон Солтүстік Кореяның соңғы зымыран сынағы жөнінде мәлімдеме таратып, Пхеньянның әрекеті БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің көптеген резолюциясын өрескел бұзады, аймақтағы жағдайды ушықтырып, тұрақсыздық туындататынын мәлімдеген.

"Бұл қадам Солтүстік Кореяның бұрынғыша өзінің жаппай жою қарулары мен зымыран құру бойынша заңсыз бағдарламаларын дамытуға басымдық беретіндігін дәлелдейді" деді Уотсон.

Айдары: Найзағай 18.11.2022 103

Қатысты мазмұн