Солтүстік Корея екі зымыран ұшырды

none

Солтүстік Корея 28 қарашада қысқа қашықтыққа арналған екі зымыран ұшырды. Бұл ақпаратты Оңтүстік Корея қарулы күштері хабарлады. Олар Солтүстік Корея іске қосатын қондырғыны сынақтан өткізіп жатқан болуы мүмкін деп болжайды. Зымырандар шамамен 400 км-ге ұшып, 97 км биікке көтерілген.

Жапония қорғаныс министрлігі Солтүстік Корея зымырандарының жапон әуе кеңістігіне де енбегенін айтты. Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ мұндай зымыран сынағы тек Жапонияға емес, әлемге қауіп төндіреді деп мәлімдеді.

Сеул Пхеньянды жағдайды ушықтырмауға шақырған. Reuters агенттігі бұл сынақтың АҚШ-та аталатын Алғыс күнімен тұспа-тұс келгеніне назар аударады.

Ақпарат құралдары соңғы рет Солтүстік Кореяның 31 қазанда зымыран сынағанын, оны Ким Чен Ынның бақылағанын хабарлаған еді.

Ақпан айының соңында Ханойдағы саммитте Корей түбегін ядролық қарудан арылту мәселесін талқылаған АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын ортақ келісімге келе алмаған еді. Саммит қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Трамп Солтүстік Корея экономикалық санкциялардың күшін толық жоюды ұсынғанын, бұл ұсынысты қабылдауға дайын болмағанын атап өткен. Олар 2018 жылы маусымда Сингапурда кездескен.

Айдары: Найзағай 29.11.2019 1

Қатысты мазмұн