Солтүстік Қазақстанда үй құстары қырылып жатыр

none

Қазақстанның бес облысында құстардың қырылуы тіркелген: үш облыста құс тұмауы екені расталған, қалған екі облыста зерттеу жүріп жатыр.

Бұл туралы дүйсенбі күні орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде айтылды.

"Қазіргі кезде бес облыс 26 аудандағы 47 елді мекенде құстардың қырылуы тіркелді. Жеке үй-жайларда 12 926 құс өлген, Солтүстік Қазақстан облысындағы құс фабрикасында 41 мыңнан астам құс қырылған" деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева.

Оның сөзіне қарағанда, жоғарыда аталған бес облысқа Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстары кіреді. Соңғы аталған екі аймақта зертхана жұмыстары жүріп жатыр.

Бірнеше күн бұрын Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі Солтүстік Қазақстан облысында (СҚО) "жоғары патогенді құс тұмауы тарағанын", соған байланысты тұмаумен күрес шаралары басталғанын хабарлаған еді. Министрліктің мәліметінше, тамыз айының басынан бері Ресейдің Қазақстанға жақын аумақтарынан құс өнімдері мен тірі құстарды елге әкелуге тыйым салынған. Дәл осыған ұқсас шектеу аталған бес облысқа да қойылған.

Тұмаудан өлген үй құстарының иелеріне билік өтемақы төлеуге уәде берген.

Ресми ақпарат бойынша, 4,7 млн құсқа вакцина егу үшін 1,4 млн доза бөлінген. Алдағы уақытта тағы 3,5 млн құсты егуге мүмкіндік беретін 1 млн доза түспек. Құс тұмауы басталмай тұрып 11,8 млн құс егілген.

Министрлік өлген құстар жойылатынын, залалсыздандыру жұмысы күшейетінін айтып отыр.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, адамдар арасында құс тұмауы тіркелмеген. Құстарға жақын жүрген 400 адам медициналық бақылауға алынған.

СҚО-дағы Бескөл құс фабрикасында тәулік ішінде мекиен тауықтардың жартысынан көбі құс тұмауынан қырылып қалды, - деп хабарлайды Петропавловск.news басылымы.

Фабрика мамандары жақын арада кәсіпорында тағы осындай жағдай болады деп болжап отыр. Құстың жаппай қырылуынан фабрика қызметкерлері жұмыссыз және табыссыз қалуы мүмкін.

"Бүгінде мекиен тауықтардың жартысынан азы қалды. Кеше кешке 180 мыңнан аса құс қырылды, бұгін тағы 30-40 мыңға жететін шығар. Аналық қаздан тіпті қалмады деуге болады. Бірнеше тәулікте ондаған мың құс қырылды. Қалдықты өзіміз жойып жатырмыз: жер қазамыз, өртейміз, індет таралмауы үшін оны балшықпен жабамыз", - деді Бескөл құс фабрикасының технологы Татьяна Костенко кәсіпорынға ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева арнайы сапармен келген кезде.

Костенконың айтуынша, құс тұмауына қарсы жаппай вакцина жасатуға фабрика қаржылай дайын болмаған: қыркүйектің басында бар болғаны 15 мың аналық қазға вакцина салынған.

"Солтүстік Қазақстанмен шекарадағы территорияда эпидемия жүріп жатқанын естігенде қалған вакцинаны аналық үйректерге саламыз деп шештік. Себебі мекиен тауықтарға жетпейтін еді. Бүгінде тек үйректер бар. Олар аман қалады деп үміттенеміз", - деп түсіндірді технолог.

Ол құс тұмауына қарсы мың доза вакцина орта есеппен 50 мың теңге болатынын айтты. Құс фабрикалары субсидия алмайтын болғандықтан, кәсіпорынның мұндай қымбат вакцина алуға қосымша ақшасы болмаған.

"Көктемде не боларын ойлаудың өзі қорқынышты, адамдар құссыз қалады. Қанша тауық қалса да, жою керек болады, себебі олар құс тұмауын тасымалдайды. Мүмкін аймақта құс фабрикаларының жұмысы тоқтап қалар. Үлкен трагедия келгенін түсініп отырмыз: құс фабрикасында 170 адам жұмыс істейді, яғни 170 отбасы қыс алдында табыссыз қалуы мүмкін", - деді Татьяна Костенко.

СҚО-да 17 қыркүйекте құс тұмауына байланысты карантин енгізілді.

Айдары: Найзағай 21.09.2020 28

Қатысты мазмұн