Сөз бостандығы – қоғам дамуының басты қағидасы

none

Алматыда «Транзит кезеңіндегі БАҚ пен сөз бостандығының рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиын «Халықаралық журналистер федерациясының» Қазақстандағы бөлімшесі – «Тең құқылы журналистер федерациясының» бұрынғы президенті Розлана Таукинаның (1959-2019) құрметіне арналды.

Жиынға қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай, Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, «Тең құқылы журналистер федерациясының» жетекшісі Нәзира Дәрімбет, құқық қорғаушылар Маржан Аспандиярова мен Евгений Жовтис және елуден астам журналист қатысты.

Жиында бес тақырып бойынша баяндама жасалды: «Сөз бостандығының Қазақстандағы жай-күйі» (Тамара Калеева; «Әділ сөз» қорының жетекшісі); «Қазақ баспасөзінің транзитке ықпалы» ( Дина Елгезек, журналист); «Транзит кезеңіндегі әлеуметтік медианың рөлі» (Оксана Макушина, журналист); «Ақпарат құралдарындағы саяси тұтқындар тақырыбы» (Бақытжан Төреғожина, құқық қорғаушы) және «Шығыс Түркістандағы адам құқықтарының қазақ баспасөзінде жазылуы» (Серікжан Біләшұлы, құқық қорғаушы) мәселесі талқыланды.

text

Сөз бостандығы мәселесін талқылаған жиынның Розлана Таукинаның құрметіне ұйымдастырылуы бекер емес. Себебі, журналист, құқық қорғаушы Розлана Таукина саналы өмірін Сөз бостандығы жолындағы күреске арнады. Ол 1990-шы жылдардың басында елімізде ең алғаш болып тәуелсіз «Тотем» телеарнасын ашты. Ол кезде хабар тарататын толқын жиілігіне осы салаға жауапты министрлік жыл сайын конкурс жариялап, телерадиокорпорацияларға бөліп беретін. «Тотем» телеарнасын оппозицияшыл деп таныған билік «толқын жиілігі жетіспей қалды» деген желеумен Розлана Таукина құрған телеарнаны жауып тастады.

Розлана Таукина бұдан басқа да «Максимум», «Караван» секілді бірнеше тәуелсіз ақпарат құралына жетекшілік жасап, Сөз бостандығы үшін күресті, азаматтық ашық қоғам құруға көп үлес қосты. Ол халықаралық ұйымдар мен демократияны дамыту қорларын жұмылдырып, Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ-қа көмектесті, сол бір қиын кезеңде жаңадан құрылған редакцияларға компьютерлер және оргтехниканы тегін таратып берді. Сөз бостандығының аясын кеңейтуге көп күш жұмсады.

Розлана Таукина либерализм құндылықтарына берік болды. Ол тіліне, нәсіліне, наным-сенімі мен саяси көзқарасына қарап ешкімді бөлген емес. Сондықтан да ол бірнеше партияға, саяси ұйымдарға газет және ақпараттық сайт жасап берді, қоғам белсенділерін қатыстыра отырып пікірсайыс клубтарын ұйымдастырды. Себебі Розлана Таукина қоғамның қатпарында бұйығып жатқан кез келген ой, ұсыныс пен идея ашық талқыға шығуы тиіс және Сөз бостандығы, сан алуан пікірдің айтылуы – қоғам дамуының басты қағидасы деп санайтын.

Розлана Таукина құқық қорғаушы ретінде де танылды. Оның басшылығымен құрылған «Журналистер қауіп-қатерде» ұйымы баспасөздегі жария пікірі үшін айтыпталып, сотқа тартылған талай журналистің мүддесін қорғады. Ол заңгерлермен, құқық қорғаушылармен тізе қосып, етене жұмыс істеді, сотқа жетіп, дау-шарға түскен жүздеген мақалаға лингивистикалық-филологиялық сараптама жасауға қол ұшын берді. Розлана Таукина үнемі Сөз бостандығын тұншықтырғысы келген мүдделі күштерге қарсы күресті.

Розлана Таукина Сөз бостандығын бүткіл адамзат үшін басты құндылық деп санады. Сондықтан да ол жарты миллионнан астам мүшесі бар, орталық офисі Брюссельде орналасқан «Халықаралық журналистер федерациясының» Қазақстандағы бөлімшесін – «Тең құқылы журналистер федерациясын» құрды.

Мұндай ұйым құру екі мақсатты көздеді. Біріншіден, Қазақстандағы ақпарат құралдары мен журналистерді батыстағы демократиялық институттармен ықпалдастыру мақсаты қойылған болатын. Екіншіден, «Тең құқылы журналистер федерациясы» Сөз бостандығына қазақ қоғамындағы барлық демократияшыл күштерді қатыстыруды көздеді. Сондықтан ұйымға мүше болуға саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар, журналистер мен блогерлер, қоғамдағы белсенді азаматтар мен ақпарат құралдарында жұмыс жасайтын техникалық қызметкерлерді шақырды. Розлана Таукина дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианың арасына шекара қойған емес. Ол адамзатты еркіндікке жетелейтін Сөз бостандығына қоғам болып түгел қатысу керек, қоғамдағы проблема ашық айтылып, жан-жақты талқыға түскенде ғана оң нәтижеге жетуге болады деп санайтын.

30 қаңтар - айналысына шуақ шашып, мейірім төгіп өткен жаны жайсаң Розлана Таукинаның туған күні. «Тең құқылы журналистер федерациясы» осындай асыл азаматтың құрметіне арнап «Транзит кезеңіндегі БАҚ пен Сөз бостандығының рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырып, қоғам дамуының басты қағидасы - Сөз бостандығының мәселесін саясаттанушылар, құқық қорғаушылар, журналистер мен блогерлер бірлесіп талқылады.

«Тең құқылы журналистер федерациясы»

Айдары: Төбе 30.01.2020 164

Қатысты мазмұн