Сіз кімсіз, С туңжы?

none

Серікжан Біләшұлының Германия қазағы Өмірхан Алтынды Сайрагүл Сауытбайға қарсы айдап салып шағыстырғанда айтқан мынадай сөзі бар: «Сайрагүл бізді пайдаланбасын, біз оны пайдаланайық». Дәл осы сөз Қытайдың езгісіне түскен Шығыс Түркістан қазағының қамқоршысы кейпіне еніп алған Серікжан Біләшұлының шын мақсат-мүддесін анықтап қана қоймай, оның ішкі психикалық жай-күйінен хабар беріп тұр.

Бұл жерде «Серікжан Сайрагүлді қалай пайдаланбақшы?» деген сұрақ туады. Сайрагүлден ақша соратындай оның отбасы бай емес. Оның қайғы мен қасіретке толы тағдыры ғана бар. Гәп осында: Серікжан Сайрагүлдің қасіретті өмірін өзінің жұрт алдындағы күрескерлік беделін көтеру үшін пайдалануды көздейді. Сонда АҚШ «Батыл әйел» сыйлығын Сайрагүлге емес, Серікжанға беру керек пе?! Сайрагүл Сауытбай соавтор болып жазған «Басты куә» атты табақтай кітаптың басым бөлігі Қытай концлагерінде болмаған, қасіретті оқиғаларды басынан өткермеген Серікжан Біләшұлына арналуы тиіс пе?! Серікжан атажұртынан пана таппай Швецияға қаңғып кеткен Сайрагүлді басқаша қалай «пайдаланбақшы»?!

Серікжан Біләшұлы түсінбейтін және түсінгісі де келмейтін бір нәрсе бар: Сайрагүл «Батыл әйел» сыйлығын алайыншы, «Басты куә» кітабының кейіпкері болайыншы» деп армандаған емес. Оны «Батыл әйел» жасаған да, Қытайдың Шыңжаңдағы геноцидтік қылмыстық саясатының «Басты куәсі» жасаған да Сайрагүлдің қасіретті тағдыры. Егер біреудің қасіретін Серікжан секілділер өзінің бас пайдасына – саяси күрескерлік беделін көтеруге пайдаланғысы келсе, бұл нағыз оңбаған, екіжүзді, сұмырай адамның құйтырқы ісі болып шықпай ма. Мұндай жағдайда Серікжанның «елім-ай» деп еңіреген сөзіне кім сенеді?

Серікжан Біләшұлы менмендігінің әбден асқынғанын мына жайттан да көруге болады. Оның және оған көзсіз сенетін аз ғана топтың әлеуметтік желідегі аккаунттары «АҚШ Серікжанды құшақ жайып қарсы алды», «Есіл ер еліне сыймай кетті», «Серікжан АҚШ-та маңызды адамдармен кездесті», «Серікжан...», «Серікжан...» деген тақырыпқа толып кеткен. Бұның бәрі Қытайдың Шыңжаңдағы геноцидтік саясатына қарсы жасалып жатқан шаруа емес. Олардың бар мақсат-мұраты – Серікжаннан көсем сомдау.

«Еліне сыймай, қуғын көрген есіл ер» қазақ қоғамына да, қазақ баспасөзіне де өкпелі. Оның айтуынша, қазақ медиасы Шыңжаң қазақтары мен Қытайдан келген оралмандардың мәселесіне көңіл бөлмейді. Тіпті, осы тақырыпты күн құрғатпай жазатын «Азаттық радиосына» да Серікжанның көңілі толмайды.

Мысалы, «Азаттықта» Шығыс Түркістан тумасы Нұртай Лаханұлы есімді журналист жұмыс істейді. Оралмандар мен Қытай концлагерлерінің тұтқындары туралы материалдың түгелге жуығын жазатын да – Нұртай Лаханұлы. Серікжан оны ылғи сынап, сыртынан тілдеп жүреді, «қытайшыл» деп ашық айыптамаса да, «бір саусағын ішіне бүккен» күмәнді адамға теңеп, мақаласын «біртүрлі» қылып жазатынын айтып езеуреп қоямайды. Неге? Себебі, Серікжан Біләшұлына өзінен басқа Қытай қазақтарының проблемасын күн құрғатпай жазған керек емес. Ол өзінің «Сұмдық ақпарат!!!» айдарымен әлеуметтік желіге шығаратын өтірік-шыны аралас мәлімдемелерін сол мезетте қазақ баспасөзі қақшып алып көшіріп жариялағанын қалайды. Егер «Серікжанды АҚШ құшақ жайып қарсы алды», «Шынтуайтында, Сайрагүлден «Батыл әйел» жасаған Серікжан екен», «Серікжаннан басқа қазақтың бәрі Қытайға сатылып кетіпті» деген тақырыппен «Азаттық» сайтында мақала жарияланып тұрса, Серікжанның ego-сы қанағаттанушы ма еді, ол журналист Нұртай Лаханұлын жамандауды қояр ма еді? Қайдам... Серікжан Біләшұлының іштарлығы мен менмендігі әбден асқынып кеткен.

Жалғыз өзі Қытайға қарсы шапқан «батыр», кесімді сөз айтатын қазақтың «көсемі» болуды армандайтын Серікжан «Атажұрт еріктілері» ұйымына бертінде келіп қосылған. Ұйымның алғашқы лидерлерінің бірі Қыдырәлі Оразұлын ығыстырып жіберген де – Серікжан Біләшұлы. Ол онысымен қоймай, Қыдырәліні «қытайшыл» қылуға әбден күш салды. Серікжан Біләшұлы оралмандардың басқа лидерлерін де жусатып салды, оларды Қытай саясатына қарсы күрес майданынан шығарып жіберді. Қазір Серікжанның қасында ерік-жігері жоқ, өздері көзсіз табынатын «көсемнің» айтқанынан шықпайтын, соның айдауымен жүретін, ежелгі замандағы құл-құтанға ұқсайтын қоңырқай адамдар ғана қалды.

Өзін ғана «нағыз қазақ» санап, басқа тұлғаларды адам құрлы санамайтын Серікжан Біләшұлының менмендігі мен іштарлығы қазақ қоғамының қарсылығын тудырды. Әрине, ол мұндай қияңқы әрекетке әдейі барды. Оның мақсаты – «Қытай саясатына қарсы жалқы батырды» «Қытайдың ықпалындағы Қазақстанның да қудалап жатқаны» жөнінде миф жасау болатын. Ол ішінара сол мақсатына жетті де. Ар-намысы әбден қорланған бірнеше адам Серікжанның үстінен полицияға арыз жазды. Қазақ қоғамының ішінде Серікжанның қолымен әдейі жасалған интриганың жетегінде кеткен Нұр-Сұлтан полиция департаменті арандап қалды, Серікжан Біләшұлына қарсы қылмыстық іс қозғады, оны бірнеше ай үйқамақта ұстады. Нәтижесінде, Серікжан Біләшұлы прокурормен процестік келісімге келіп, кінәсін мойындап, қамаудан босап шықты. Бұл оқиға Серікжанның «саяси көзқарасы үшін биліктен қысым көргені» жөніндегі басты дәлелге айналды. Қазір ол өзінің Түркияға, одан әрі АҚШ-қа асып кетуін сол оқиғамен байланыстырып жүр. Олай болса, «Қытайдың айтақтауымен Қазақстан билігі Серікжанның қыр соңынан қалмай әлі қуғындап жүр ме?» деген сұраққа жауап беріп көрейік.

«Қазақстанда саяси қуғын көріп, дүние-мүлкі бұғатталып, шетелге қаражатсыз, «бір дамбалмен» кеткен Серікжан Біләшұлының «мүсәпір халі» жөнінде де аз-кем сөз қозғайық. Мысалы, Серікжан өзін Нұр-Сұлтан полициясы қаумаға алғанда 6 смартфоны мен 200 мың теңгеге (қалтасындағы шетел валютасын қосқанда) жуық қаржысын тәркілеген. Серікжан Біләшұлына шығарылған сот үкімінде сол 6 смартфон мен ақшаны иесіне қайтару жөнінде арнайы қаулы бар. Адвокаты Шынқуат Байжановтың айтуынша, полиция қоймасында сақтаулы жатқан заттар заң бойынша тек Серікжанның өзіне ғана беріледі. Бірақ Серікжан астанаға бірнеше мәрте сапарлап барса да, өзіне тиесілі заттарын қайтарып алуға әрекет жасаған жоқ. Неге? Себебі, ол заттар Серікжанға керек емес. Оған керегі – «менің 6 смартфоным мен ақшамды полиция алып қойып, қайтармай отыр» деген айқайлы сөз ғана. Серікжан Біләшұлының өзін «Қазақстан билігі қуғындап жатқаны жөнінде» айта беретін тағы бір «дәлелі» бар. Айтуынша, полиция оның есепшоттарын да бұғаттап тастапты. Ал адвокат Шынқуат Байжанов ондай мәліметтің қылмыстық іске тігілген құжаттар ішінде жоғын, соған сәйкес есепшотты бұғаттан босату жөнінде ештеңе жазылмағанын айтады. Адвокаттың айтуынша, егер банк Серікжанның есепшотын бұғаттағаны рас болса, онда ол банкке барып сұрау салу керек. Банк клиенттің есепшотын бұғаттауға қандай мемлекеттік органның тапсырма бергені жөніндегі құжатты көрсетеді. Солай болған жағдайда Серікжан әлгі органды сотқа беріп, есепшотын бұғаттан босатып алады. Бірақ Серікжан тағы да адвокатының кеңесіне құлақ асқысы келмеді. Соған қарағанда, Серікжан Біләшұлының «есепшотым бұғаттаулы» деген сөзі өтірік. Оған бұл өтірік әңгіме не үшін керек? Бірінші себебін айттық, «Серікжанды билік қуғындап жатыр, оны ақшасыз қалдырып, мүсәпір қылып қойды» деген әңгіменің «дәлелі» үшін керек. Екіншіден, Серікжан «мүсәпір» халін көрсету арқылы жұрттың өзіне деген аяушылығын туғызуды көздейді, өзіне қаржылай көмек күтіп, дәмеленді. Қытай қазақтарының «жалғыз қорғаны», «Қытай геноцидіне қарсы күресіп жатқан жеке батыр» кейпіне кіріп алған Серікжанның бұл қулығы «жемісін» беріп жатыр. Кейбір мәліметте Серікжан шетелге шығар алдында мұнай саласында жұмыс істейтін оралман кәсіпкердің 20 мың доллар қаражатын лақ еткізіп бере салғаны айтылады. Бұл байқаусызда шығып кеткен мәліметтің бірі ғана. Ал Серікжан отбасының Түркия-АҚШ сапарын халық қаржыландырып отырғанын айтады. Әрине, оның бұл сөзінде шындық бар.

Қытай қазақтарының мүдесін қорғау үшін құрылған «Атажұрт еріктілерін» Қыдырәлі Оразұлы басқарып тұрған тұста және одан беріде, еріктілердің ақсақалдар кеңесінде Ербол Дәулетбек секілді азаматтар болған кезеңде ұйым әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға, тірі жетімдер мен тірі жесірлерге көп көмек беріп келді. Ұйым ішінде Серікжан Біләшұлы үздіксіз жүргізген интригадан кейін Қытай қазақтарына көмектесуші кәсіпкерлер мен қайырымды азаматтар сырт айналып кеткенін айта кеткен жөн. Қазір Серікжанды «көсем» санайтын ат төбеліндей санаулы топ қана «Нағыз Атажұрт» атты тіркелмеген ұйымды маңайлап жүр. Олар халықтан там-тұмдап жинайтын қаржыны Серікжаннан «күн көсем» жасауға жұмсап жатыр. Қытай саясатынан зардап шеккен қандастарға көмек беру тоқтады. Бұл Серікжан Біләшұлының кесірлі ылаңының бір қыры ғана. Ақиқатында, Қытайдың Шығыс Түркістандағы қазақтарға жасап жатқан геноцидтік саясатына қарсы құрылған күшті топ қирады, майдан шебі сөгіліп, жырым-жырым болып, шашырап кетті. Ең өкініштісі – қазақ ұлтының мүддесі Серікжан Біләшұлының өпірім амбициясының, менмендігі мен іштарлығының құрбаны болды.

(жалғасы бар)

Ораз Әлімбеков

Айдары: Түтін 25.02.2021 537

Қатысты мазмұн