Шыңжаң басшысы лагерь жайлы деректерді жоққа шығарды

none

9 желтоқсанда Пекинде Шыңжаң өлкесінің басшылары жиын өткізіп, аймақтағы "қайта тәрбиелеу орталығындағы" кейбір адамдар "оқуын аяқтағанын" айтып, халықаралық ұйымдардың "лагерьлерде 1-2 миллион ұйғыр, қазақ және мұсылмандар отыр" деген мәлімдемесін жоққа шығарды. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі хабарлады.

Шыңжаң басшылығы Пекиндегі мәлімдемесін шетелдік журналистердің Қытай лагерьлерге қатысты құпия құжаттар жариялап, АҚШ пен Батыс елдері тарапынан сын күшейген тұста жасады.

Пекиндегі жиында Шыңжаң өлкесінің басшысы Шохрат Закир (суретте) шетел басылымдары жариялаған лагерьлер жайлы деректердің бәрі "ойдан шығарылған" деп мәлімдеді. Бірақ ол "қайта тәрбиелеу орталықтарында" қанша адам барын ашып айтпады.

Жиын кезінде Закир АҚШ-тың "Ұйғыр актісін" сынап, "Вашингтон Шыңжаңға қарсы жала жабу кампаниясын бастап кетті. Бірақ Шыңжаңның дамуына ешқандай күш кедергі бола алмайды" деді.

Шохрат Закирдің сөзінше, "Шыңжаңдағы науқан –терроризммен күрес шарасы. Оның АҚШ-тың антитерроризм шараларынан еш айырмашылығы жоқ".

3 желтоқсанда АҚШ конгресінің өкілдер палатасы Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдерін қудалауға атсалысқан Қытай шенеуніктеріне санкция салуға мүмкіндік беретін "Ұйғыр актісін" заң жобасын мақұлдаған. Құжатта Қытай билігінің Шыңжаң аймағында "адам құқығын өрескел бұзып жатқаны" жазылған. Конгрестің өкілдер палатасы заң жобасы Сенат пен президент әкімшілігіне жіберген.

9 желтоқсандағы баспасөз мәслихатында Закир Шыңжаң билігі "қайта тәрбиелеу шаралары жалғаса беретінін", оған "тек қалағандар қатыса алатынын" және жаңа студенттерде "орталыққа келіп-кету еркі" болатынын айтты.

Reuters агенттігінің жазуынша, Шыңжаң басшысының бұл сөздерін тексеру қиынға соқпақ. Себебі Қытай Шыңжаңға халықаралық ұйым өкілдері мен Батыс елдерінің елшілерін кіргізбей отыр.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен "қайта тәрбиелеу орталығында" отырып шыққандар лагерьдегі жағдайды "адам төзгісіз" деп сипаттайды.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған. Былтыр БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген.

24 қарашада Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) "Қытай билігіне тиесілі" құпия құжатты жариялады. "Телеграмма" деп аталатын құжатта Пекиннің Шыңжаңдағы лагерьлерге қамалатын адамдарды анықтау жолы, саяси тәрбиелеу орталықтарының қалай басқарылатыны жазылған.

"Құпия" белгісі соғылған құжатта "Лагерьдегілер қашып кетпеуі тиіс. Сондықтан олардың әр қадамын тәулік бойы видеокамерамен бақылау керек. Оларды жататын жерде, сабақ өтетін сыныпта, тіпті түскі ас кезінде де бақылауда ұстау қажет. Қытай тілін меңгеру – басты талап" деп жазылған.

16 қарашада америкалық New York Times басылымы Қытай билігіне тиесілі құжаттарды жариялаған. Онда мұсылмандар тұратын аудандарды ұдайы тексеру қажеттігі айтылады. Құжаттар арасында отбасы мен туыстары лагерьлерге қамалған, өздері шетелде және ішкі Қытайда оқитын студенттерге шенеуніктердің не деп жауап беру керегі де көрсетілген.

Қытай билігі бұл екі құжатты да "фейк" деп атады.

Айдары: Найзағай 09.12.2019 19

Қатысты мазмұн