Шымкентте төрт адам газдан уланып, біреуі қайтыс болды

none

Шымкенттің Күншығыс ықшамауданындағы көпқабатты үйде газдан төрт адам уланған. Олардың бірі – 5 жасар бала шетінеген.

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Зарипа Абдуллақызының Азаттыққа хабарлауынша, 28 қарашаға қараған түні іссапардан оралған тұрғын пәтерінде әйелі мен үш баласының (4, 5 жасар және үш айлық) ес-түссіз жатқанын көрген. Жедел жәрдем қызметкерлері зардап шеккендерді қаладағы Тұрмахан Орынбаев атындағы жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығына жеткізген. "Бес жасар бала ауруханаға жетпей қайтыс болған" деді төтенше қызмет өкілі.

Емдеу орталығының бас дәрігері Мадина Ермахамбетованың айтуынша, газдан уланып қалған 1994 жылы туған әйел мен оның 4 жасар баласы 28 қараша күні түсте жан сақтау бөлімінен жалпы палатаға көшірілген. Үш айлық нәресте қалалық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр.

"Науқастардың қазіргі жағдайы – орташа ауыр" дейді бас дәрігер.

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, Шымкентте 2019 жылдың басынан бері осымен жетінші оқиға тіркеліп, үйде тұтынатын газдан уланған 7 адам қайтыс болған.

Айдары: Найзағай 28.11.2019 4

Қатысты мазмұн