Шылым шегеді деп тізімнен шығарылған ардагерді әкімнің өзі барып құттықтады

none

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бұған дейін "тым кәрі әрі шылым шегеді" деп тізімнен шығарылған тыл ардагері Хауа Бұланбаеваны өзі барып құттықтады.

Жеңіс күні қарсаңында өңір басшысы Даниал Ахметов Өскемен мен Семейдегі бірнеше ардагер мен тылда еңбек еткендерге барып шықты, олардың арасында 99 жастағы Хауа Бұланбаева бар.

Бұған дейін ШҚО-да 100 жастағы ардагер әженің шылым шегетіні үшін тізімнен шығарылғаны БАҚ-та хабарланған болатын.

Ардагердің немересі әжесін 9 мамырда ардагерлер кеңесі алдымен құттықтауға уәде беріп, бірақ содан соң тізімнен шығарып тастағанына шағымданған еді. Ол шағымын әлеуметтік желілерде жариялады және жазбаға ШҚО әкімі Даниал Ахметов жауап берді.

"Облыстың ардагерлер кеңесі қызметкерлерінің жұмысынан кемшілік кетіп отыр. 7 мамырда мен міндетті түрде жерлесіміз, тыл еңбеккері Хауа Бұланбаеваны Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Мен оның немересі Манаппен телефон арқылы сөйлестім, біз кездесуіміздің барлық егжей-тегжейлері туралы келістік.

Айта кетейін, ардагерлерімізді қорғау үшін маған ПТР-тестілеуден өту керек. Пандемия басталғаннан бері қарттарымыз вирусты жұқтыру ықтималдығы жоғары топқа жатады, сондықтан біз олардың өміріне қауіп төндіре алмаймыз.

Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің Жеңіске қосқан үлесі баға жетпес. Жыл сайын 9 мамыр мерекесі қарсаңында мен жерлес ардагерлерімізді үлкен құрметпен құттықтаймын.

Өз тарапымнан Ардагерлер кеңесінің жұмысына болашақта мұндай қателіктер қайталанбауы үшін қажетті түзетулер енгізілетінін атап өткім келеді", - деді Даниал Ахметов Instagram-дағы парақшасында.

Айта кетейік, бірқатар облыстың ардагерлері биыл Жеңіс күніне орай бір миллион теңге көлемінде төлем алады.

Tengrinews.kz

Айдары: Дүрбі 08.05.2021 45

Қатысты мазмұн