Швейцария Ілияс Храпуновқа азаматтық беруден түбегейлі бас тартты. Неге?

none

Швейцарияның Федералдық әкімшілік соты 10 қыркүйек күні Виктор Храпуновтың ұлы, Әбілязовтің күйеубаласы Ілияс Храпуновтың азаматтық беруді сұраған өтінішін қанағаттандырмай тастады. Бұл - түпкілікті шешім, заң бойынша ол жоғарғы сотқа қайта арыздана алмайды. Бұл хабарды Федералдық әкімшілік соттың баспасөз қызметі таратты.

Азаматтық алуға өтініш берушінің арызында ол 1998 жылы Швейцарияға оқуға келген. Ол 2006 жылы да Женевада мемлекеттік миграция бойынша азаматтық алу туралы өтініш берген. Өтініш беруші өзінің 2009 және 2012 жылы Швейцарияда туылған балаларының атына толтырылған құжатты да дәйек ретінде қосты. Көп жылдан бері осы елде өмір сүріп келе жатқаны да қомақты аргумент. Ілияс Храпунов әке-шесесі мен қайын атасын және өзін «саяси көзқарасы үшін Қазақстан билігінің қудалап жүргенін» де өтініш-арыздың мәтініне қосқан. Солай бола тұра, Швейцария билігі оған азаматтық беруден түбегейлі бас тартты. Неге? Ілияс Храпуновқа Швейцарияның азаматтық бермеуінің себебі жеткілікті. Ол Швейцарияда 2003 және 2004 жылдар аралығында жол ережесін бірнеше мәрте өрескел бұзған. Бұл ауыр заңбұзушылық қатарына жатады. Сонымен қатар, Ілияс Храпунов 2010 жылы Түркиядағы дискотекада төбелес шығарып, бір адамға ауыр дене жарақатын салған. Бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған болатын.

Ілияс Храпуновқа қатысты бұған дейін тағы бірнеше рет жағымсыз ақпарат тараған. Ол Африканың артта қалған бір елінің паспортымен шекара бекетінде ұсталған. Тексеру кезінде оның құжаты жалған болып шықты. Осы фактілердің бәрін жинақтап отырған Швейцария соты аргументтерді таразылай келе, Ілияс Храпуновқа азаматтық бермеуге шешім қабылдап отыр.

Ілияс Храпуновтың өтініш арызында жазылған, яғни әке-шешесі мен қайын атасының Қазақстан билігінен қуғын көріп отырғаны жөніндегі мәлімет Швейцария сотын иліктіре алмады.

Швейцарияның Федералдық әкімшілік сотының түсіндірмесінде «өтініш беруші мен оның туған еліндегі режимге қарсы оппозицияда жүрген отбасына қарсы шетелдегі әртүрлі процедуралар [олардың] құқықтық тәртіпті бұзбайтынына қатысты күдік туғызады" делінген. Құжатта сондай-ақ "ақша жымқырды деп айыпталған өтініш берушінің қаржылық жағдайы және жеке беделі күмән туғызатыны", ал "осындай танымал тұлғаға азаматтық берілуі Швейцарияның біртұтастығына нұқсан келтіріп, Қазақстанмен қарым-қатынасына кері әсер ететіні" айтылған. Бұл елде "азаматтық алудың бір шарты Швейцарияның заңдарын және халықаралық құқықтық нормаларды сақтау" екенін, "Швейцарияда немесе шетелде өтініш берушіге қарсы сот ісі (әсіресе, қылмыстық сипаттағы) жүріп жатқан кезде оған азаматтық берілмейтінін" мәлімделді. Сот үкімінің түсіндірмесінде "Швейцарияда Храпуновтар отбасына қарсы ақша жымқыру бабы бойынша қылмыстық іс қаралған. Одан бөлек, Храпуновтар отбасына қарсы АҚШ пен Ұлыбританияны қосқанда, әлемнің бірнеше елінде ұрлаған ақшаны қайтару туралы өте көп іс қозғалған. Ұлыбританияда шығарылған сот үкімі негізінде Швейцариядағы өтініш берушіге қарсы қарызды өндіру процесі басталды" деп жазылған. Сондықтан Храпуновтар отбасының Қазақстан яки басқа елдер тарапынан «саяси қуғынға ұшырап отыр» деген уәжі есепке алынбады.

Федералдық әкімшілік сотының үкімі нақты фактілермен дәйектелгенін айта кету керек. Мысалы, өтініш иесі Ілияс анасынан [Лейла Храпуновадан] бірнеше миллион доллар алған. Бұл ақшаның көзі күмәнді. Себебі, ерлі-зайыпты Храпуновтар жемқорлық, мол қаржыны жылыстату секілді күмәнге іліккені белгілі. Олай болса, Ілияс Храпунов та ұрлықы ақшаны заңдастырумен айналысып жүр деген күмән туады. Сондықтан Ілияс Храпуновтың ең алғаш рет азаматтық алу туралы өтінішті 2006 жылы бергені маңызды емес. Миграция жөніндегі хатшылық оның Швейцарияда Храпуновтар отбасы мүшелернің сотқа тартылғаны туралы ақпарат пен қазір қылмыстық тергеуде жүргенін ескеріп, азаматтық беру процесін тоқтатуға құқылы болған. Осы жағдайға байланысты Федералдық әкімшілік соты өтініш берушінің апелляция шағымын қабылдаудан бас тартты.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 15.09.2020 55

Қатысты мазмұн