Швейцария Храпуновтар отбасына екіжүзді стандарт қолданды

none

Қазақстанда «жүздеген миллион доллар жымқырды» деп айыпталып сырттай сотталған Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен Лейла Храпуноваға Швейцария саяси баспана берді. Бұл туралы 7 қаңтарда Швейцария Федералдық әкімшілік соты хабарлады. «Егер ерлі-зайыптылар еліне қайтарылса, ол жақта әділетсіз сотқа тартылуы мүмкін» делінген баспасөз хабарламасында.

Ерлі-зайыпты Храпуновтар онашақты жыл бұрын емін-еркін өз бетімен шетелге кеткен. Сәл кейінірек Қазақстан құқық қорғау органдары Храпунов пен оның жақындарына сыбайлас жемқорлық айыптары бойынша іздеу жариялады. 2018 жылы Қазақстан соты Виктор Храпуновты - 17 жылға, оның әйелі Лейла Храпунованы 14 жылға сырттай соттады. Сот шешімінде ерлі-зайыпты Храпуновтарға «қылмыстық топ құру», «алаяқтық», «пара алу» айыптары тағылып, олардың «қылмыстық әрекетінен мемлекетке 250 миллион доллар көлемінде шығын келгені» жазылған.

Ерлі-зайыпты Храпуновтар Швейцария билігінен 2013 және 2016 жылдары саяси баспана сұраған. Бірақ Босқындар ісі туралы заңда көрсетілген «босқын мәртебесіне тән сипаттарға сәйкес келмегендіктен» өтініштері қанағаттандырылмады. Швейцария заңы бойынша елге көп ақша әкеліп, экономикаға инвестиция салған шетел азматтарына жеңілдік бар, тіпті белгілі бір өңірдің «құрметті азаматы» атануы мүмкін. Ерлі-зайыпты Хранпуновтар Қазақстан алып кеткен қыруар қаржымен Швейцарияда бизнес ашып, ел экономикасының дамуына үлес қосты. Кейде ондай адамдарға Швейцария бірден азаматтық бере салады. Бірақ Храпуновтар отбасы үшін азаматтық алу қиын болды. Дегенмен, олардың ел экономикасына қосқан үлесі осы жолы ескерілген секілді, азаматтық болмаса да, сондай статусқа бір қадам жақын «саяси баспана» алып отыр.

Ерлі-зайыпты Храпуновтардың ұзақ уақыт азаматтық яки саяси баспана статусын ала алмай жүруінің тағы бір себебі бар. Халықаралық журналистік зерттеу консорциумы (ICIJ) зерттеу жасаған Виктор Храпунов пен оның құдасы Мұхтар Әбілязовтің бірлесіп мол қаржы қымқырғаны жөніндегі дерек шықты. Онда Мұхтар Әбілязов пен Виктор Храпунов шетелдік банктер арқылы 755 миллион доллар жымқырғаны айтылды. Мысалы, 2008-2016 жылдар аралығында Мұхтар Әбілязовтың шетелдік банктердегі есепшоты бойынша 666 миллион долларға 73 операция жасалған. 73 транзакцияның 14-і күдікті болып саналады. Осы кезеңде Әбілязовқа 27 банктегі есепшот тиесілі болған. Ал Храпуновтар отбасы 2003-2017 жылдар аралығында 88,9 миллион долларға 206 транзакция жүргізген. 29 транзакцияны банктер күдікті деп санайды. Храпуновтар отбасына 37 банктегі есепшотты иеленген. Қазақстан тарапының Храпуновтарды жемқорлық бойынша айыптауын Швейцария билігі ескермесе де, ICIJ-дің журналистік зертеуінен туындаған даулы мәселенің бәсеңсуін күткен секілді. Сөйтіп, Храпуновтрадың екі мәрте бірген өтінішін қанағаттандырмаған Швейцария билігі араға уақыт салып барып саяси баспана беріп отыр.

Швейцарияның Федералдық әкімшілік соты былтыр қыркүйек айында Әбілязовтің күйеубаласы Ілияс Храпунов азаматтық беруді сұраған өтінішін тағы да қанағаттандырмай тастаған. Ол бұған дейін де, 2006 жылы да Женевада мемлекеттік миграция бойынша азаматтық алу туралы өтініш берген. Өтініш арызында ол өзінің 1998 жылы Швейцарияға оқуға келге, содан бері бері осы елде өмір сүріп келе жатқанын айтқан. Былтырғы арызында ол бұл аргументке өзінің 2009 және 2012 жылы Швейцарияда туылған балаларының атына толтырылған құжатты да дәйек ретінде қосты. Ілияс Храпунов әке-шесесі мен қайын атасын және өзін «саяси көзқарасы үшін Қазақстан билігінің қудалап жүргенін» де айтқан болатын. Бірақ, Швейцария билігі оған азаматтық беруден түбегейлі бас тартты. Неге? Ілияс Храпуновқа Швейцарияның азаматтық бермеуінің себебі жеткілікті. Ол Швейцарияда 2003 және 2004 жылдар аралығында жол ережесін бірнеше мәрте өрескел бұзған. Бұл ауыр заңбұзушылық қатарына жатады. Сонымен қатар, Ілияс Храпунов 2010 жылы Түркиядағы дискотекада төбелес шығарып, бір адамға ауыр дене жарақатын салған. Бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған болатын.

Ілияс Храпуновқа қатысты бұған дейін тағы бірнеше рет жағымсыз ақпарат тараған. Ол Африканың артта қалған бір елінің паспортымен шекара бекетінде ұсталған. Тексеру кезінде оның құжаты жалған болып шықты. Осы фактілердің бәрін жинақтап отырған Швейцария соты аргументтерді таразылай келе, Ілияс Храпуновқа азаматтық бермеуге шешім қабылдаған. Тіпті, Ілияс Храпуновтың өтініш арызында жазылған, яғни әке-шешесі мен қайын атасының Қазақстан билігінен қуғын көріп отырғаны жөніндегі мәлімет Швейцария сотын иліктіре алмаған. Керісінше, Швейцарияның Федералдық әкімшілік сотының түсіндірмесінде «өтініш беруші мен оның туған еліндегі режимге қарсы оппозицияда жүрген отбасына қарсы шетелдегі әртүрлі процедуралар [олардың] құқықтық тәртіпті бұзбайтынына қатысты күдік туғызады" делінген. Құжатта сондай-ақ "ақша жымқырды деп айыпталған өтініш берушінің қаржылық жағдайы және жеке беделі күмән туғызатыны", ал "осындай танымал тұлғаға азаматтық берілуі Швейцарияның біртұтастығына нұқсан келтіріп, Қазақстанмен қарым-қатынасына кері әсер ететіні" айтылған. Бұл елде "азаматтық алудың бір шарты Швейцарияның заңдарын және халықаралық құқықтық нормаларды сақтау" екенін, "Швейцарияда немесе шетелде өтініш берушіге қарсы сот ісі (әсіресе, қылмыстық сипаттағы) жүріп жатқан кезде оған азаматтық берілмейтінін" мәлімделді.

Сот үкімінің түсіндірмесінде "Швейцарияда Храпуновтар отбасына қарсы ақша жымқыру бабы бойынша қылмыстық іс қаралған. Одан бөлек, Храпуновтар отбасына қарсы АҚШ пен Ұлыбританияны қосқанда, әлемнің бірнеше елінде ұрлаған ақшаны қайтару туралы өте көп іс қозғалған. Ұлыбританияда шығарылған сот үкімі негізінде Швейцариядағы өтініш берушіге қарсы қарызды өндіру процесі басталды" деп жазылған. Сондықтан Храпуновтар отбасының Қазақстан яки басқа елдер тарапынан «саяси қуғынға ұшырап отыр» деген уәжі есепке алынбады. Сол кезде Федералдық әкімшілік сотының үкімі нақты фактілермен дәйектелгенін айта кету керек. Мысалы, өтініш иесі Ілияс анасынан [Лейла Храпуновадан] бірнеше миллион доллар алған. Бұл ақшаның көзі күмәнді. Себебі, ерлі-зайыпты Храпуновтар жемқорлық, мол қаржыны жылыстату секілді күмәнге іліккені белгілі. Олай болса, Ілияс Храпунов та ұрлықы ақшаны заңдастырумен айналысып жүр деген күмән туады. Сондықтан Ілияс Храпуновтың ең алғаш рет азаматтық алу туралы өтінішті 2006 жылы бергені маңызды емес. Миграция жөніндегі хатшылық оның Швейцарияда Храпуновтар отбасы мүшелерінің сотқа тартылғаны туралы ақпарат пен қазір қылмыстық тергеуде жүргенін ескеріп, азаматтық беру процесін тоқтатуға құқылы болған. Осы жағдайға байланысты Федералдық әкімшілік соты өтініш берушінің апелляция шағымын қабылдаудан бас тартты.

Жоғарыдағы ақпараттан Храпуновтар отбасына қатысты екі жағдайдың негізігі бір екенін көреміз. Солай бола тұра, шетелде өтініш берушіге қарсы сот ісі (әсіресе, қылмыстық сипаттағы) жүріп жатқанына байланысты Ілияс Храпуновқа азаматтық берілмейді де, дәл сондай жағдайдағы оның әке-шешесіне саяси баспана бере салады. Бұл Швейцарияның Федералдық әкімшілік сотының екіжүзділігін көрсетпей ме?!.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 08.01.2021 114

Қатысты мазмұн