ШҚО-да журналистика музейі ашылды

none

Шығыс Қазақстан облысында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай журналистер музейі ашылды.

Музейге қойылған экспонаттар өңірдегі журналистика саласының барлық даму кезеңдерінен сыр шертеді. Мұнда келген Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтары журналистиканың жүзжылдық тарихына үңіліп, фотосуреттер мен материалдар арқылы баспа мен жазу әдісі қалай дамығанын көре алады. Аймақтық басылымдар тарихын сақтайтын музейді құру идеясы 2005 жылы пайда болған.

Бұл ойдың авторлары – белгілі журналистер Қабдылқайыр Құдайбергенов, Жұмаділ Әділбаев және Айтмұхамбет Қасымов.

«Әуелде бұл жұмыс бөлмесіндегі шағын ғана музей бұрышы сияқты болды. Онда жиырмаға жуық түрлі экспонаттар қойылған еді. Әріптестеріміз ылғи музейді толықтырып отырған. Уақыт өткен сайын экспонаттар сөрелерге сыймай кетті. Сөйтіп, музей ашу жайлы ойлай бастадық», - деді облыстық «Рудный Алтай» газетінде ұзақ жыл жұмыс істеген Қабдылқайыр Құдайбергенов.

Ескі фотоаппараттар, жазу машинкалары, таспалы магнитофондар, фотосуреттер мен түрлі марапаттар – музей қонақтарын журналистика әлемімен таныстырады. Айта кетейік, музей Өскемендегі Қ.Қайсенов атындағы саябақта орналасқан.

inform.kz

Айдары: Текемет 29.06.2021 52

Қатысты мазмұн