Шелектеп төгілген абыройды қасықпен жинап алуға бола ма?

none

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты тергеу изоляторында жатқан Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбайға «бейбіт жиын тәртібін бұзды» деган айыппен 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Себебі, И.Иманбай 4 сәуір күні Алматы полиция департаменті алдында Жанболат Мамайдың бостандығын талап етіп, заңсыз митинг ұйымдастырып, шу шығарып, мемлекеттік мекеменің жұмыс істеуіне кедергі жасаған.

Инга Иманбай өзіне салынған айыппұлмен келіспейді. Оның ойынша, мұның бәрі 7 мамырға жоспарланған митингіге кедергі келтіру үшін жасалған қысым. Митингіде тағы да тіркелмеген «Демпартия» жетекшісі Жанболат Мамайды босатуды талап етпекші болған.

Қазір Жанболат Мамай өзіне қозғалған екі қылмыстық іс бойынша («билік өкілін қорлау» және «жалған ақпарат тарату») тергеу изоляторында қамауда отыр. Ол және оның жақтастары полиция қызметкерлерне қорлық сөз айтқан және кейбір лауазымды тұлғалар жөнінде жалған ақпарат таратқан.

Оппозициялық кейбір ұйым белсенділері Жанболат Мамай мен ол жетекшілік жасайтын «Демпартияны» «псевдооппозиция» - биліктің «саяси жабасы» деп санайды. Соңғы төрт-бес жылда Мамай қаншама заңсыз митинг ұйымдастырса да, полиция қызметкерлеріне қаратып қорлау сөз айтса да қамауға алынбады. Осыдан күдіктенген кейбір сарапшылар «Демпартия» - оппозиция алаңына жіберілген саяси жоба» деген болжам айтқан. Қазір Мамайдың Қылмыстық кодекстегі жазасы жеңіл баппен айыпталуын сол айтылған күдікті ойды сейілту үшін, «Демпартияның» оппозицияшыл беделін қайтадан көтеру үшін жасалып жатқан саяси іс ретінде бағалайды. Егер осы болжам дұрыс болса, онда Инга Иманбайға салынған айыппұл «оппозицияшыл саясаткер» Жанболат Мамайдың саяси девидендін үстемелей түседі.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 04.05.2022 82

Қатысты мазмұн