Серікжанның тағы бір құпиясы ашылды

none

Өзін Қытай қазақтарының көсемі санайтын Серікжан Біләшұлы тіркелмеген «Нағыз Атажұртты» «ешқашан тіркелмейтін ұйым» деп жиі айтады. Мұның себебі неде? Шынымен Қазақстанның Әділет министрлігі «Нағыз Атажұртты» ресми тіркеуге алудан үзілді-кесілді бас тартып отыр ма? Әлде, мұнда басқа гәп бар ма?

Қытай қазақтарының проблемасымен шұғылданатын еріктілер тобы 2016 жылдың соңында ұйыса бастады. Бертін келе топ өздерін «Атажұрт еріктілеріміз» деп атады. Алғашқыда елуге жуық белсендінің басы біріккен топтың лидері Қыдырәлі Оразұлы болатын. Кейін еріктілерге Серікжан Біләшұлы қосылды, ол топ ішінде рушыл сипаттағы үздіксіз интрига жасап, Қыдырәлі Оразұлын ығыстырып шығарып жіберді. Ол өз алдына «Атажұрт жастары» ұйымын құрып, оны Әділет министрлігінде тіркетті.

Ал Серікжан Біләшұлын көсем санаған топ «Атажұрт» атауымен ұйым тіркетуге ұмтылыс жасаған емес. Ай сайын халықтан қыруар ақша жинаса да, осы әрекетті заң шеңберіне ыңғайластыратын қор құрып, оны ресми тіркетіп алуға құлықты болмады. Серікжан бастаған топтың бұл ісі заңсыз екенін бәрі білетін. Біле тұра олар қоғамдық маңызы бар жиындар мен конференциялар өткізді, «қытай қазақтарына әлеуметтік көмек көрсетеміз» деп халықтан жылу жинауды жалғастыра берді.

Қазақстан билігі заңсыз іспен шұғылданып жүрген ұйымға қарсы 2019 жылдың басында шара қолданды. Сот Серікжан Біләшұлын «тіркелмеген бірлестік жұмысына жетекшілік етті» деп кінә тағып, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған. Айыппұл халықтан жиналған қаржыдан төленді. Бұл оқиғадан кейін «Атажұрт еріктілері» ұйымды ресми тіркетуге көшті. Осы аралықта Серікжан Біләшұлы ҚР ҚК-нің «араздық қоздыру» бабымен айыпталып, үйқамаққа алынған.

Серікжан Біләшұлы астанадағы Бекзат Мақсұтханның үйінде үйқамақта болғанда да тыныш жатпады. Ол астыртын «Атажұрт еріктілеріне» «Серікжан Біләшұлын Нобель сыйлығына ұсыну үшін қол жинауға» тапсырма береді. Қол жинаушылар Серікжанның бейнесі басылып, оның астына «Нобель сыйлығына ұсынамыз» деген сөз жазылған футболка киіп алып, ауыл-ауылды аралауға шықты. Қапастағы «көсемнің» бұл әрекетін жөн санамаған «Атажұрт еріктілерінің» екі бірдей лидері – Ербол Дәулетбек пен Қайрат Байтолла «Серікжанды Нобельге ұсыну» акциясына үзілді-кесілді қарсы шықты. Себебі, ол кезде еріктілер үшін ұйымды тіркету, қытай қазақтарына әлеуметтік көмек көрсету, Қытай концлагерлеріне қамалған қазақтарды босатып алу секілді маңызды шаруа күн тәртібінде тұрған.

Өзіне қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша Серікжан Біләшұлы «кінәсын мойындап», адвокатынан жасырын түрде прокурормен процестік келісім жасап, үйқамақтан босап шықты. Үкім бойынша ол жеті жылға қоғамдық ұйым басқару құқығынан айырылды. Осы тұста Ербол Дәулетбек пен Қайрат Байтолла «Атажұрт еріктілері» ұйымын ресми тіркетумен шұғылданып жатты. Серікжан өзін Нобель сыйлығына ұсыну акциясына қарсы шыққанына кектеніп, ол екеуін «сатқын» деп жариялады. Осы ұрыс-керіс кезінде серікжаншылардан тағы бір топ бөлініп кетті. Е.Дәулетбек пен Қ.Байтолла «Атажұрт еріктілері» ұйымын ресми тіркеуден өткізіп алды. Олармен ат құйрығын кесісіп, әбден өштесіп кеткен серікжаншылар өздерін «Нағыз Атажұрт» деп атап, Серікжан Біләшұлын «күн көсем» санап, тек соны ұлықтаумен шұғылдана бастады.

text

Серікжан Біләшұлының қытай қазақтары проблемасымен шұғылданатын ұйым тіркетуге құлқы жоғын кейінгі оқиғалардан да байқаймыз. 2020 жылы жергілікті (Қазақстанда туып-өскен) кәсіпкер әрі заңгер Ләззат Жапашева «Нағыз Атажұрт» тобына көмек қолын созды. Оның күйеуі – Шығыс Түркістанның тумасы, Серікжанға жерлес болып келеді.

Ләззат Жапашева «Нағыз Атажұрттың» жұмысын жандандыру үшін Талдықорғандағы меншік жатақханадан бірнеше бөлмені серікжаншыларға арызданушыларды қабылдайтын офис ретінде тегін берді. Сонымен қатар, Л.Жапашева Алматы қаласындағы бизнес орталықтан өз атына екі бөлмелі кеңсені жалға алып, оған «Нағыз Атажұрттың» белсенділерін кіргізіп қойды. Бұдан кейін Ләззат Жапашева серікжаншыларға «Нағыз Атажұрт» атауымен қоғамдық ұйым, «Бастау» атты халықаралық қор тіркеп беруге кіріседі. Айтуынша, алғашында серікжаншылардың бәрі бұл ұсынысты қуанышпен қолдап, Әділет министрлігіне керек құжаттарды жинай бастайды. Осы тұсқа келгенде, Серікжан Біләшұлы түрлі сылтау айтып «Нағыз Атажұрт» ұйымын тіркетуге қарсылық білдіреді және ұйымның құрылтайшыларын азғырады. Нәтижесінде, серікжаншылар қоғамдық ұйым тіркетуден де, қаржы жинайтын қор тіркетуден де бас тартады. Есесіне, олар «Нағыз Атажұртты» билік әдейі тіркемейді» деген байбаламға көшеді.

Жоғарыда айтылған оқиғаларға көз жүгіртсек, «Атажұрт» деген сөзі бар ұйымды Әділет министрлігі ешқашан тіркемейді» деген сөз бекер секілді. Себебі, «Атажұрт жастары» және «Атажұрт еріктілері» деген екі ұйым ресми тіркеуге алынған. Мұндай мысал Қазақстан тарихында жиі кездеседі. «Азат» қозғалысымен қатар «Азат» партиясы, «Ақ жолмен» қатар «Нағыз Ақ жол» партиясы саяси жұмысын жалғастырғанын білеміз. Сондықтан Ләззат Жапашеваға «Нағыз Атажұрт» қоғамдық ұйымын тіркетуге ешқандай заңдық кедергі болмас еді.
Заңгер Ләззат Жапашеваның «Бастау» атты қайырымдылық қор тіркетіп берейін» деген ұсынысына Серікжанның қарсы шығуы да бекер емес. Егер қор тіркелсе, оған жинақталатын қаржының жұмсалуы құрылтайшылардың қадағалауында болады. Өзінен ғана «әділетсіздікке жаны қас тұлға» сомдап жатқан Серікжанға қаржының басқа мақсатқа жұмсалып кеткені керек емес. Ол халықтан жиналатын қаржы өзінің айтқанынан шықпайтын, айдауымен жүретін Гүлжан Әліштің жеке есепшотында болғанын қалайды. Ал қаржыны қалай жарату Серікжанның құзырында. Бұл құпияның жұртқа жария болып кетуінен қорқатын олардың қорды ресми тіркетуден бас тартуының себебі –осы.

«Нағыз Атажұртты» ресми тіркеуден өткізуді қаламайтын Серікжан Біләшұлының іштей не ойлап жүргенін білу қиын емес. Оған сот шешімімен бойынша тағы бірнеше жыл қоғамдық ұйымды басқаруға тыйым салынған. Сондықтан Серікжанның іштарлығы мен патша көңілі «Нағыз Атажұрттың» тіркеліп, ұйымға өзінен басқа біреудің ресми басшы болғанын қаламайды.

Екіншіден, «біздің ұйымды Қазақстан билігі әдейі тіркемей отыр» деген байбалам өзін диссидент қылып көрсеткісі келетін Серікжан үшін керек-ақ. Бұл - «әділеттілік үшін күрес жолында жапа шеккен тұлғаның» кейпін сомдаудың тағы бір тәсілі. «Менің алты смартфонымды полиция алып қойып, қайтармай қойды», «есепшотымды бұғаттап, шетелге бір дамбалмен кеттім» деген өтірігі тағы бар. Көріп отырғанымыздай, ол қоғамдық ұйым тіркетуге де мүдделі емес. Себебі, ол Қытай қазақтарының мүддесін қорғауды мақсат тұтпайды, сәйкесінше әлдебір ұйымның даңқы шығып әлемге танылғаны керек емес. Серікжан тек өзінің танымалдығы үшін жұмыс істеп жүр. Сол мақсатқа жету үшін Қыдырәлі Оразұлы, Өмірхан Алтын, Ырысбек Тоқтасын, Ербол Дәулетбек секілді бәсекелестерін «жусатып» салды. Сондықтан Серікжан Біләшұлы «Нағыз Атажұрт» тобының ішінен жаңа көсем пайда болуынан өлердей қорқады.

(Жалғасы бар)

Ораз Әлімбеков

Айдары: Түтін 15.03.2021 534

Қатысты мазмұн