Сенат адвокат қызметі туралы заң жобасын мәжіліске қайтарды

none

4 наурызда сенат депутаттары пленарлық отырыста адвокат қызметі мен заңгерлік көмек туралы заң жобасын екінші оқылымда қарап, мәжіліске қайтарды. Бұл туралы Informburo агенттігі хабарлады.

Агенттіктің жазуынша, отырыс кезінде сенат депутаттары бірқатар ұсыныс жасаған. Атап айтқанда,

Адвокат қызметінен айналысуға өмір бойы тыйым салатын нормаларды алып тастауды;

Интернет-ресурста заңгерлік кеңесшілердің республикалық алқасы қызметінің қаржы-шаруашылық туралы жылдық есебін жариялауды, онда кіріс-шығыстың бәрі көрсетіп, қаржылық тексеру нәтижелерін ашық етуді;

2026 жылдың 1 қаңтарына дейін адвокаттар алқасы мен заңгерлік кеңесші палаталарына әрбір заңгер мен консультант үшін 1 АЕК (1 АЕК - 2917 теңге) көлемінде жарна төлетуді;

Кейбір адвокаттар мен заңгерлік кеңесшілерге мүшелік жарна төлеу кезінде жеңілдік жасау және өзге де ұсыныс енгізген.

Сенат депутаттары бұл жоба "адвокат қызметін жетілдіріп, маңызды мәселелер бойынша жылдам шешім қабылдауға көмектесуі тиіс" деп атап өткен.

Бұған дейін елдегі бірқатар заңгерлер мен адвокаттар “Адвокат қызметі және заңгерлік көмек” туралы заңға енгізілетін түзетулерді алып тастауға шақырған еді. Олар “заңгерлер, адвокаттардың ісін реттеуге” бағытталған түзетулер шын мәнінде заңгерлерді мемлекетке бағындыруды көздейді. Тәуелсіз сала мемлекетке бағынса, елде тәуелсіз заңгерлер қалмайды деп алаңдаған.

Бейсенбі күні заң жобасының мәжіліске қайтарылғаны белгілі болған кезде кейбір заңгерлер жаңалықты үмітпен қабылдаса, кейбірі скептикалық көзқарас білдірді.

Айдары: Найзағай 05.03.2021 60

Қатысты мазмұн