Семейде "Нұр Отанның" екі депутаты партиядан шықты

none

24 қаңтарда Семей қалалық мәслихатының екі депутаты Айдос Қисаменов пен Дулат Қажмұханбет "басшылыққа сенімін жоғалтқандықтан" "Нұр Отан" партиясы құрамынан шығып, депутаттық мандатынан бас тартатынын мәлімдеді.

Партия жұмысында көзбояушылық көп екенін айтқан Айдос Қисаменовтің сөзіне қарағанда, қаңтар оқиғасы кезінде "партия беделінен айырылып, аймақ басшылығы қол қусырып отырған".

Дулат Қажмұханбет те қаңтар оқиғасы кезінде партиядан көңілі қалғанын айтты.

—"Нұр Отан" партиясының аймақтағы басшыларына (олар қала мен облысты да басқарып отыр) ойланатын, жеке көзқарасы бар тәуелсіз депутаттар керек емес. Оларға қарсы шықпайтын, облыс әкімі Даниал Ахметов не айтса, соны орындайтын адамдар керек, – деді Қажмұханбет.

Жүк вагондарын жөндеумен айналысатын "Темір-Транс" компаниясының директоры Дулат Қажмұханбет – қалалық мәслихатқа 2020 жылы депутат болған.

Желтоқсан айында ол Facebook парақшасында Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласынан үзінді келтіріп, мемлекет "үлкен жетістікке жетті" деп мәлімдеген.

Semey Mall сауда орталығының иесі Айдос Қисаменов те Семей мәслихатына 2020 жылы депутат болып сайланған. Ол бұрын Семейдегі сәулет ескерткішімен байланысты дауға іліккен.

Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев арасында билікке талас өршіді деген болжам күшейген шақта кәсіпкерлер "Нұр Отаннан" шығып отыр. Қаңтар басында Қазақстанның көп өңірін қамтыған бейбіт митинг жекелеген қалаларда жаппай тәртіпсіздік пен тонауға ұласқан, күштік құрылымдар атыс қаруын пайдаланған. Соның салдарынан жүздеген адам мерт болды. Едәуір бөлігі – бейбіт тұрғындар.

Елде тәртіпсіздіктер мен наразылықтар күшпен басылғаннан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 18 қаңтарда видеомәлімдеме таратып, бар билік Тоқаевтың қолында екенін, 2019 жылдан бері зейнеткер екенін жеткізді.

"Нұр Отанның" съезі 28 қаңтарда өтеді. Бұл партия Назарбаев президент болып тұрған тұста елдің саяси өмірі мен заң шығару тармағында гегемон болды. 2021 жылы қараша айында Назарбаев Тоқаевқа "Нұр Отан" төрағалығын тапсыратынын айтқан, деп жазады azattyq.org.

Айдары: Текемет 25.01.2022 56

Қатысты мазмұн