
Қазақ саяси аренасындағы жағдайды шынайы сараптайтын екі саясаттанушы қалса, соның бірі - Димаш Әлжанов. Ол Мәжіліс сайлауына кандидатурасын ұсынған Санжар Боқаевты «Жаңа Қазақстан» билігімен саяси саудаласып жүрген «саясаттың кәсіпкері» деп атапты. Осы саяси диагнозға қағанағы қақ айырылған журналист Вадим Борейко Боқаевқа шаң жуытқысы жоқ.
Журналист Борейко Боқаевтың соңғы жылдары «бірде түйе, бірде бие» болып сан құбылғанын ұмытқан сияқты. Шындығында, өзіне бизнес ашып алып, соны биліктің көмегімен дамыта алмай жатқан Боқаев өзінің саяси маршын билікті тендерге шантаждаумен ғана шұғылданып жүр. Ол осы қылығын нағыз саясат деп түсінеді. Оның осы сайлауға түсіп, депутат мандатын иеленуге деген ұмтылысы да сол бизнестің қамы.
Борейко да журналистік этиканы былай жиып қойып, Боқаев бизнесінің мүддесін күйттеп, соның шотын шауып жатыр. Қазақ саяси аренасында осы бір жағдайды Боқаевтың қылығы мысалында жайып салған саясаттанушы Әлжановқа әккі журналист Борейконың дүрсе қоя беруі де сондықтан.
Санжар Боқаев тұлғасына саяси баға бергенде Боқаев та, Борейко де бұған дейін либерализм құндылықтарына адал болмағанын айта кеткен жөн. Мысалы, Санжар Боқаев Алматы әкімдігінің ішкі саясат бөлімін басқарып тұрғанда оппозицияшыл журналист Гүлжан Ерғалиеваны қысымға алыпты, тіпті доқ көрсетіп, оның «Адамбол» журналын жаптырып тастаған. Сөз бостандығын тұншықтыру ісімен басқа емес, дәл осы Боқаев айналысқанын журналистердің бәрі біледі.
Сол кезде Борейко да өзінің әріптесі Ерғалиеваны қорғаған жоқ, сөз бостандығын өлтіруді сырттай бақылап, қызықтап ғана отырды. Себебі, Борейко ол кезде диктатор Назарбаевтың жеке газеті болған «Время» басылымында басшы қызмет атқарды. Мұны басқаша айтсақ, Борейко мен Боқаев сөз бостандығын тұншықтыруды көздейтін диктаторлық режимнің қосынында бірге жүрді.
Ал Боқаев пен Борейконың қазіргі ісі халықтың көңілін басқа жаққа бұрып, сайлаушыны адастыру ғана. Санжар Боқаев кеше де осындай құйтырқы іспен шұғылданды, бүгін де саясатты өзінің «ойыншығына» айналдырмақ. Осылайша, халықтың мүддесін күйттейтін нағыз азаматтарды көлеңкеде қалдырмақшы. Боқаев биліктің жоспары бойынша әрекет етіп жүр. Жалпы, өмір бойы санын шапалақтап қайта-қайта өкініп қала беретін сайлаушы осы сайлауда алданбауы тиіс. Себебі, билік опозиция алаңынна қарай «қой терісін жамылған қасқырларды» қаптатып жіберді. Халық сайлау учаскесіндегі жәшік алдына барғанға шейін кімнің кім екенін анықтап, кімге дауыс беретінін алдын-ала біліп алғаны жөн. Әйтпесе тағы да ауызы күйіп қалады...
Oraz Alimbekov,
Faceboоk парақшасынан алынды