Сайлауға дайындығың қалай, саяси партия?

none

Биыл елімізде тұңғыш рет ауыл округтерінің әкімдерін тікелей сайлайтын болдық. Бұл шара алдағы 25-шілдеге белгіленді. Сонымен, 729 ауылдың әкімі алдағы 4 жылға сайланатын болды. Ел тұрғындарының 40 пайыздан астамы ауылда тұратынын ескерсек, ауыл әкімдерін сайлаудағы бұл реформаның қалай жүзеге асатыны көпшілікті толғандыратыны анық. Жаңа заңның талаптары бойынша әкімдікке үміткерлер саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар және әрбір адам өзін үміткер ретінде ұсына алады. Тағы бір ерекшелік, бюллетеньге «бәріне қарсымын» деген бөлім де енгізілді.

Ауыл әкімдерін сайлау науқаны қалай өтеді? Онда ұсынылған үміткерлерден қай партияның немесе қозғалыстың кандидаты озып шығуы мүмкін? Жалпы, мұндай сайлауға қоғам қаншалықты дайын?

Алдымен, биыл көктемгі Мәжіліс сайлауының қорытындысына назар салып көрелік. Ресми ақпарат бойынша, сайлау нтижесінде «Nur Otan» партиясы көш бастаған. Ол сайлаушылардың 71,09 пайыз дауысын жинаса, «Ақ жол» - 10.95, ҚКП – 9,10, «Ауыл» - 5,29, «Адал» - 3,75 межеге қол жеткізген. Ауылдың округ әкімдерін сайлауда бұл көрсеткіш қалай өзгеруі мүмкін? Шамасы, біздің болжауымызша, көп айырмашылық бола қоймайтын тәрізді. Өйткені, саяси партиялардың ауыл әкімдерін сайлау науқанына алдын-ала қамданған белсенділігі байқалмайды. Бұл орайда «Nur Otan» партиясы ғана әрекет жасап жүрген сыңайлы. Қазір партия ауылдағы мәселелерді шешіп, халық тұрмысын жақсартуға бағытталған 216 бағдарлама жасап тастапты. Сайлауалды негізгі бағдарламасы «Өзгерістер жолы: әр адамға лайықты өмір!» деп аталады. Ауылдың әл-ауқатын арттыру үшін стратегиялық инвесторлар тартып, 7 ірі экожүйе құру көзделген. Оған 350 мың фермерлік және шаруа қожалықтары бірігеді. Сөйтіп, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеп, даярлаумен айналысады. Ауылшаруашылығы кешенінде жалпы 380 мың инвестициялық жоба жүзеге асады. Нұр-отандықтар ауылшаруашылығына арналған жерді айналымға ендірудің жаңа формаларын ұсыныпты. Жаңадан 600 мың гектар суармалы жерді игеріп, оның көлемін біртіндеп, 2,2 млн гектарға жеткізбек. Ең бастысы, аграрлық ғылым мен ғылыми табысты ауылшаруашылығына енгізуге ұмтылады. Ветеринарлық, фитосанитарлық және карантиндік қызметті модернизациялау пәрменді түрде жүргізіледі. Бұл жағдай әрине, ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға, сыртқы сұраныстың артуына себеп болары даусыз.

«Nur-Otan» партиясының негізгі бағдарламасына сай, 2025 жылы ауылшаруашылығының жиынтық өнімі 1,3 пайызға, ал ауылшаруашылығы кешеніндегі еңбек өнімділігі 2,5, өңделген өнімнің экспорты 2 есеге артады екен. 3500 ауыл жаңарып, 27 мың шақырым жол жөндеуден өтеді. Ауылда жаңадан үй салу үшін жыл сайын 22 мың жер учаскесі бөлініп беріледі. Ауыл тұрғындары таза ауыз сумен 100 пайыз қамтылып, 2025 жылы 246 ауылға газ құбыры жүргізіледі. Ауыл тұрғындарының 99 пайызы жылдам интернетпен қамтылады.

Алдағы сайлауға «Nur-Otan» партиясы осындай бағдарлама әзірлепті. Ал Мәжіліс сайлауларында ғана төбе көрсетіп, одан соң «қалың ұйқыға» кететін «Ақ жол» мен ҚКП қайтадан сол әдетіне басқан тәрізді. Жым-жырт. Кешегі сайлауда бәрін жапырып тастайтындай көрінген «Ауыл» мен «Адал» партиясында да үн жоқ. Бірақ сайлау дабыры оларды да оятып жіберері анық.

Тұрған Төленов

Айдары: Дүрбі 09.07.2021 127

Қатысты мазмұн