
Қасым-Жомарт Тоқаев президент тағына отырғалы бері елдегі ішкі саясатты тізгінін саясаттанушы Ерлан Қарин қолына алды деген пікір бар. Әрине, Әміржан Қосанов қатысқан президент сайлауы «Ескі Қазақстанның» көмегімен жүзеге асты. Одан кейінгі Конституцияға өзгерістер мен былтырғы президент сайлауы, сенаторларды сайлау/тағайындау, алдағы Мәжіліс сайлауы Қариннің қадағалауы бойынша жүріп жатыр. Ол қазір ішкі саясаттың стратегиясы мен тактикасын, тіпті конъюктурашыл нақты нәтиже көздейтін саяси технологиясын айқындайтын бас идеологқа айналды.
Әділет министрлігінде тіркеуден өтіп, 19 наурызда өтетін сайлауға қатысқалы жатқан «Respublica мен «Байтақ» партиясы – Қариннің саяси жобасы» деген сәл-пәл қате пікір қалыптасты. Иә, «Байтақтың» жағдайы солай, партияның «балық емес, ет емес» басшысы Азаматхан Әміртай кез келген келісімге, тіпті «шайтанмен» де келісуге кетәрі емес. Оның басты мақсаты – өзінің ғана Мәжіліс депутаты болғаны. Әміртай басқа байтақшылардың саяси амбициясына бас қатырмайды.
Respublicaны билік ішінен қайнап шыққан «конструктивті оппозиция» деп атау керек. Тіркестегі «оппозиция» сөзін әлдебір мүддені көздеген бас идеологтың «стратегиясымен қайшыласу» деп түсіндіру керек. Сондықтан, Respublica – Қариннің саяси жобасы емес. Ал «конструктивті» деген сөзді үкімет құрамындағы инновацияшыл бірнеше министрге қатысты айтқан ләзім (олардың кім екенін айтуды жөн санамадым).
Үкімет болсын, Президент әкімшілігі болсын, экономика мен әлеуметтік саланың тиімділігін арттыру үшін атқарушы биліктегі инновацияшыл топпен амалсыз санасады. Олармен санаспаса, үкіметтің шаруасы ілгері баспайды. Инновацияшыл топ өз мүддесінің Мәжілісте де ескерілгенін қалайды, заң шығарушы органда республикашыл депутаттар отырғанын қалайды. Олардың саяси амбициясына құлақ түруге, талап-тілегін, жарым-жартылай болса да, орындауға Ақорда мәжбүр. Себебі, инновацияшыл топ үкіметтің есігін тарс жауып кетіп қалса, ешкімге жақсы болмайтынын бас идеолог та түсінеді. Respublica партиясының Әділет министрлігіндегі ресми тіркеуден қысқа мерзімде өтуінің себебі де осында.
Respublica ашық теңізде жүзіп бара жатқан айсбергке ұқсайды. Мұзтаудың су астындағы түбі - үкіметте. Айсбергтің көзге көрініп тұрған төбесі Айдарбек Ходжаназоров, Сырымбек Тау, Қуаныш Шонбай, Руслан Берденов, Бейбіт Әлібеков, Динара Шүкіжанова секілді жаңашыл бизнесмендер кейпінде көрініп тұр. Олар Respublicaны «кәсіпкерлер партиясы» деп атап, оншақты жылдан бері кіші және орта бизнестің мүддесін күйттегенсіп жүрген перуашевшіл «Ақ жолға» ши жүгірткісі келеді. Шындығында, республикашыл кәсіпкерлердің бизнестегі, экономикадағы қауқары шамалы. «Менмін» деген республикашыл кәсіпкердің қаражаты 10-15 млн доллардан аспайды. Өздерінің кәсібі де «біртүрлі» - Түркияда немесе Өзбекстанда тігілген жейдеге сурет басып, сонысы үшін тауар құнын өсіріп сатып бизнес жасап жүр. Немесе қоғамдық асхана бизнесі секілді оны-мұны қызмет түрімен айналысады. Әрине, мұндай кәсіпкерлерді отандық өндірушінің тізіміне кіргізу экономистерге «біртүрлі» көрінетіні анық.
«Respublicaны партия ретінде либерализм құндылықтары мен демократия принципіне берік адамдар құрайды» деп айту тым ұшқары пікір болар еді. Себебі, Қазақстандағы партиялық жүйеде саясаттану іліміндегі «оңшыл», «центрист», «солшыл» деген идеялық түсінік мүлдем жұмыс істемейді. Онда Respublicaның идеялық, идеологиялық қозғаушы күші қандай? Міне, мұнда гәп бар.
Айсберг секілді саясат айдынында жүзіп бара жатқан партияның идеялық қозғаушы күшінің негізінде «гүленшілер» деп аталатын сопылық ағымның діни идеологиясы жатуы мүмкін. Бұл «айсбергтің» тұла бойынан байқалады. Кезінде наиб мүфти дәрежесіне көтерілген, «Кемел адам» кітабының авторы, жаңашыл имам Қайрат Жолдыбайды «республикашылардың рухани ұстазы» деп айтатындай нақты дәлел жоқ. Мұның себебі бар: Түркия президенті Ердоғанның Гүлен Фетхулаһты АҚШ-қа қуып тығып, гүленшілерге қарсы жасаған жаппай репрессиясының Қазақстанға да салқыны тиді. Осы саяси нәубеттен соң әлемдегі гүленшілердің бәрі «ақырын жүріп, анық басатын» болған. Оның үстіне, бұрыннан діни келбетін қазақ қоғамында демонстрация жасауды қош көрмейтін гүленшілер қазір тіпті жаңа формаға ауысты. «Білімді адам – білікті маман» концепциясын басшылыққа алатын, білім мен ғылымға негізделген инновацияшылдық қазақстандық гүленшілердің миындағы діни сананы жуып-шайып барады. Сондықтан бұларды «неогүленшілер» деп атаған жөн және қазақстандық «неогүленшілерді» зайырлы қазақ қоғамының түсінігіне ыңғайлап «инновацияшыл патриоттар» деп атап, оны сыртқы күштердің ықпалынсыз, дербес әрекет ете алатын саяси қозғалыс ретінде қарастыруға болады.
«Нео» тіркесі мен «инновация» ұғымы қазаққа таңсық емес. Қазақтың «жаңа», «жаңару», «жаңғыру» сөздері дамуға серпін беретін процестің бастауында тұр. Сондықтан Respublica партиясы бүткіл бітім-болмысымен «Жаңа Қазақстан» концепциясының шынайы мазмұнына сай келеді. Бірақ, «ескіні» сылап-сипап косметикалық реформамен шектелген, халықты алдаусыратып қоятын декларативті «Жаңа Қазақстанға» Respublicaның беталысы – өзгеріс деген екпінді әрекеті ұнамайды. Мұны біз Алматыдағы 3-округтен Мәжіліс сайлауына қатыспақ болған республикашыл Сырымбек Таудың «заңға сәйкеспей» шеттетіліп, сайлау додасынан шығып қалғанынан көріп отырмыз. Бұл Respublica мен Ақорда арасындағы қайшылықтың басы ғана. Егер алдағы сайлау нәтижесі бойынша ресми тіркелген партиялардың бәрі Мәжілістен орын алса, онда Respublicaдан басқалары («оппозицияшыл» ЖСДП да) «Аманаттың» парламенттегі «филиалына» айналып, бас идеологтың стратегиялық жеке мақсаты үшін ғана жұмыс істейді. Бұл қайшылық күндердің күнінде Respublicaны «конструктивті» позициядан кетіреді (мәжбүрлі немесе ерікті), келешекте нағыз оппозициялық партия осы болады.
Oraz Alimbekov,
Faceboоk парақшасынан алынды