Ресейге салынған санкциялардың салдары Қазақстанда қашан сезіледі?

none

Ресей мен Украина арасындағы жағдай мен көрші елге салынған санкциялар әсерінен Қазақстанда құрылыс заттары қымбаттап жатыр. Бұл алдағы уақытта тұрғын үй бағасына әсер етері сөзсіз. Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев санкциялардың әсері біздің елге мамырда шындап сезіле бастайынын айтты. Сондай-ақ, салдардың алдын алу үшін үкімет қандай шара қабылдауы керегі туралы ойын жеткізді.

Талғат Ерғалиевтің сөзінше, құрылыс заттары қымбаттағаннан кейін артынан құрылыс сомасы мен баспананың шаршы метрі де қымбаттайтыны белгілі. Ол санкциялар мен Украинадағы жағдайдың әсері елге мамыр, шілде айларында жетеді деген болжам жасап отыр. Ерғалиевтің айтуынша, көп қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін, сондықтан осының алдын алатын шаралар қолдану керек.

"Ресейге салынып жатқан санкцилардың әсері бізге әлі келе қойған жоқ. Әзірге қоймаларымызда қор, дайын өнімдер бар. Нақты осы дағдарыстың әсері мамырда болады. Айналымдағы ақша азайғанда көп жобалар тоқтатылады, одан жұмыссыздық болады", - дейді маман.

Қазірдің өзінде құрылыс материалдары қымбаттап жатыр екен. Мысалы, Қазақстан Құрылысшылар одағы ұсынып отырған статистика бойынша, 2022 жылдың ақпаны мен наурызы аралығында, яғни бір айда 12 миллиметрлік ресейлік арматура бағасы тоннасына 100 мың теңгеге, линолеум текше метріне 100 теңгеге, қытайлық керамогранит шаршы метрі 400 теңгеге, қасбеттік панельдер шаршы метріне 200 теңгеге көтерілген.

Ал Қазақстанда өнідірілетін цемент тоннасына 2 мың, бетон текше метріне 1500, дизель отыны 10 теңгеге, гипс қоспасы келісіне 8 теңгеге, қиыршық тас тоннасына 200 теңгеге, құм текше метріне 800 теңгеге қымбаттаған.

Талғат Ерғалиев құрылыс заттарының бағасына байланысты мамырға қарай пәтер бағасы 5-6 пайызға қымбаттауы мүмкін екенін айтты.

Маманның сөзінше, санкцияларға байланысты Ресейден келетін кейбір құрылыс материалдарының саны азайса, олардың тапшылығынан баға көтеріп кетеді деген қорқыныш бар, деп жазады Tengrinews.

"Қазіргі уақытта осындай қорқыныш бар. Баспана әрі қарай қолжетімді болуы үшін аз пайызбен ипотекалық бағдарламалар керек. Үкімет осындай бағдарламаларды қолдаса, қаражат қарапайым халықтың қолына тисе, әрине экономика тіріледі. Тұрғындардың әл-ауқаты арта бастайды. Нарыққа қаражат құю керек", - дейді ол.

Айдары: Дүрбі 04.04.2022 64

Қатысты мазмұн