Ресей футбол одағы Азия конфедерациясына өткісі келеді

none

Ресей футбол одағының (РФО) атқарушы комитеті алдағы отырыстарының бірінде Ресей Еуропа футбол ассоциациясы – УЕФА-дан шығып, Азия футбол конфедерациясына қосылу мәселесін қарастырады. Бұл жөнінде жексенбіде РФО атқару комитетінің басшысы Александр Дюков хабарлады.

"Мұндай шешім қабылданарына аса сенімді емеспін, бірақ қазіргі жағдай соны талқылауды қажет етіп тұр" деді ол. Оның сөзінше, осыдан бірнеше ай бұрын өзі де Азия конфедерациясына өту жайлы айтуға ерте деп санаған. Алайда Азия конфедерациясымен бұл жөнінде әзірге сөйлеспеген.

Ресей Украинаға басып кірген соң елдің футбол командалары Еуропадағы ойындардан шеттетілген.

Ресей футбол одағының Азия конфедерациясына өту мүмкіндігі туралы бірқатар ресейлік БАҚ кейінгі кезде жаза бастаған.

Ресей құрамасының бас бапкері Валерий Карпин Азия конфедерациясына өтуге қарсы емес. Бірақ "Еуропаға қашан оралатынымыз белгісіз, сондықтан Азияға өтейік" деген Карпинге РФО-ның бұрынғы басшысы Вячеслав Колосков "батпаққа батқыларың келсе бара беріңдер" деген.

Ресми матчтардан шеттетілген соң Ресей құрамасы Азияның үш елінің: Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан командаларымен жолдастық кездесу өткізген. Босния мен Герцеговина футбол одақтары Ресей құрамасымен жолдастық кездесуден бас тартқан.

Айдары: Найзағай 28.11.2022 32

Қатысты мазмұн