Перуашев Тоқаевқа тақасып, күндестік қылып жүр. Неге?

none

«Аманат» та, «Ақ жол» партиясы да президент сайлауына өзінің кандидатын ұсынбайтын, сайлауда жабылып президент Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтын болып шешкен. Осы тұста Азат Перуашев ақылға қонымсыз, азаматтығына сын, жігіттікке жатпайтын қылық көрсетті. Ол «Ақ жол» партиясының үш облыстағы филиал басшыларының үшеуіне де президент сайлауына кандидатурасын ұсынуға астыртын тапсырма берген. Осы мәселе бойынша арнайы жиын өткізіп, партия атынан үш ақжолдықты сарапқа салып, қайсысы кандидат болуға лайық деген мәселе талқылаған. Жай ғана желпіндіріп қоятын, нәтижесі жоқ бос әңгіменің соңында ақжолдықтардың ешбірі кандидат ретінде ұсынылмайтыны нақтыланды. Сөйтіп «Ақ жол» партиясы Тоқаев кандидатурасын қолдайтыны жөніндегі шешімге қайта оралды.

Осы бір ақылға қонымсыз, саяси бықсыққа ұқсайтын жиын арқылы Перуашев қандай мәселесін шешпек болды, қанша ұпайын түгендемек болды? Егер партиядан сайлауға кандидат ұсыну керек болса, Перуашевтің өзі неге алдыға атылып шықпады? Әлде, бұл өзі бола алмайтын, өзгені көре алмайтын Перуашевтің «Тоқаев менің деңгейім емес, Тоқаевтың саяси деңгейі «Ақ жолдың» филиал басшыларымен қатарлас» деген қыжыртпа кемсітуі ме? «Сол жиында Перуашев сырт көз үшін партия ішінде демократия ойнады» деуге келмейді. Себебі, Перуашев «Ақ жол» партиясының басшы органдарының бәріне төраға болып алған. «Ақ жолдың» Ұлттық кеңесі, президиумы, парламенттегі фракция жетекшісі, партия төрағасы... Перуашев тұлғасы өліп қалған Брежневті, көзі тірі Син Цзин Пинді еске салады. Осыншама басшы қызмет атқарған адам тұмсығымен жер шаншып, бос уақыт таппай қалу керек қой. Жоға, қайдағы..?! Перуашев «менің қолым тимейді, жұмысбастымын» деп Тоқаев кандидатурасын қолдауға, Тоқаев үшін жер-жерде насихат жасау үшін «Ақ жолдан» үгітшілер тобын құрып, соларды жібере салған жоқ. «Аманат» партиясының үгітшілер тобында Перуашевтің өзі жүр. Ол басқа жұмысын тындырып тастағандай, ел аралап қыдырыстаудан қолы босар емес. Бұл жағдай президент сайлауына кандидат ретінде Тоқаев емес, Перуашев қатысып жатқандай әсер қалдырады. Өзін ұлы тұлға сезінетін Перуашевке керегі де осы ғой.

Перуашевтің өздері қолдап жатқан Тоқаевқа адал қызмет жасап жатпағанын мына жайттан да байқауға болады. Партия әлдебір кандидатты қолдау жөнінде шешімге келді ме, онда сол кандидат үшін насихат жүргізуге партиядан қаржы бөлу керек. Тоқаев кандидатурасын қолдау коалициясына кіретін «Аманат» партиясы осы мақсатқа арнайы қаржы бөлген. Ал «Ақ жол» терағасы Перуашев қалтасынан бір тиын шығармай «Аманаттың» қаржысы есебінен ел-елді, жер-жерді аралап жүр.

Заң бойынша парламенттен орын алған партияларға жинаған дауысына қарай бюджеттен қаржы бөлінеді. Мысалы, «Ақ жол» партиясы жыл сайын қазынадан 1 млрд теңге алады. Бұл қаржы партияның парламенттегі фракциясына немесе депутаттарына жұмсалмайды, «Ақ жолдың» филиалдары мен орталық аппаратына бөлінген. «Партияның 20 филиалы бар, оларға көп қаржы кетеді» деп ақталатын шығар Перуашев. Ақиқатында, «Ақ жол» басшылығы әрбір филиалға ай сайын 400 мың мен 600 мың аралығында қаржы беріп отыр. Парлап есептедік дегеннің өзінде филиалдардың бәріне жыл сайын 150 млн теңгеден артық ақша беріліп жатқан жоқ («көрген күніміз құрысын» деп аймақтағы ақжолдықтар жылап отыр). Орталық аппаратқа 50 млн теңге жұмсалсын делік. Сонда жыл сайын 800 млн теңге кімнің қалтасында қалады?

Соншама көп қаржыдан Тоқаевтың кандидатурасын қолдауға бір тиын бөлмейтін, «Аманаттың» қаржысына масыл болып алған Перуашевтің сараңдығында шек жоқ. Оның сөзі мен ісі үйлеспей шатқаяқтап тұр. Перуашев және оның партиясы жария түрде Тоқаев кандидатурасын қолдайтынын мәлімдейді, ал нақты іске келгенде аяқтан шалуға ұқсайтын күндестің қылығын жасап отыр. Осындай қылық саясатқа «сайқал» деген тіркесті жабыстыруға себеп болып тұр. Осы бізде, Қазақстанда саясаткерлер жымысқы интрига-бықсықтан арылып, қашан ашық саясат жасайды екен?!.. Перуашевтердің дәуірі қашан келмеске кетер екен? Әлде «Жаңа Қазақстан» деп жүргеніміз бетін бояп алған «ескі Перуашев» пе? Әлде ол «Жаңа Қазақстаннан» «Ескі Қазақстанның» қаңтарда қалып кеткен өшін алып бермекші ме?

Саясат деген осы болса, онда мен дым түсінбедім. Құдай ақырымызды берсін...

Oraz Alimbekov

Facebook парақшасынан алынды

Айдары: Түтін 18.11.2022 74

Қатысты мазмұн