Парламент сайлауына кім қанша қаржы жұмсайды?

none

"Парламент сайлауына кандидат боп түсу үшін қанша қаржы керек?" деген бір-екі постты байқап қалдым. Ербол Азанбектің постында "49 млн теңге керек" дегенге саяды екен. Заң бойынша, кандидаттың қоры 37 млн теңгеге дейін жинап-жаратуға рұқсат берілген. Ал шын мәнінде 37 млн теңге кандидаттың сайлауалды науқанына жете ме? Біз өзімізше есептеп көрелік.

Жалпы, сайлауға облыстан емес, бір ірі қаладан (Алматы, Астана, Шымкент) түскен әлдеқайда тиімді екен. Мысалы, Астана қаласында екі сайлау округі бар. Қаланың Алматы, Байқоңыр аудандары бір округке, Есіл, Сарыарқа аудандары екінші округке кіреді. Ал жалғыз Абай облысында бір ғана сайлау округі бар.

Астана қаласында екі жерге ғана штаб ашасыз, көп болса, әр ауданда халықпен екі немесе үш реттен кездесесіз. 8 сайлау учаскесіне екі адамнан алғанда 16-18 сенімді өкіл әрі бақылаушы ұстайсыз. Әр сенімді өкілге 150 мың теңгеден жалақы төлегенде 2 млн 700 мың теңге жұмсайсыз. Міндетті төлейтін 1 млн 50 мың теңге жарнаңыз бар. Жанар-жағармайға 500 мың теңге кетті деңіз. Бағдарламаңыз бен үгіт-насихат құралдарына 4-5 миллион шығындайсыз. Сайлаушылармен кезесу үшін залдарды жалға алып, 4 миллион теңгедей төлейсіз. Сонда, бір ірі қаладан түскен кандидатқа орта есеппен 15 миллион теңге жеткілікті сияқты.

Ал Абай облысынан кандидат болдыңыз делік. Мұнда облыстық маңызы бар екі қала мен 8 аудан бар. Бір аудан мен екінші ауданның арасы 200-300, тіпті 500 шақырым! Барлық сайлау учаскесінің саны 475! 475 сайлау учаскесіне бір-бір сенімді өкілден ұстап, оған жалақы бөліңіз. Мұншама адамға айына 150 мың теңгеден ұсына алмайсыз. Өйткені, тек, сенімді өкілдің бір айлық жалақы қоры 71 млн теңгеден асып кетеді! 50 мың теңгеден бөлгенде 2 млн 350 мың теңге шығады екен (әрине, егер 50 мың теңгеге жұмыс істейтін адам тапсаңыз!). Әр ауылда халықпен кездескенде жаныңызға еріп жүретін адамның саны орта есеппен 20-25 адам делік. Осыншама адамның мыңдаған шақырымдағы жолына жанармай, үш мезгіл тамағы, қонақ үй ақысы 20 млн теңгеден асады. Мұның үстіне үгіт-насихат құралдары, мобилограф жалдау, БАҚтағы жарнама ақысын қосыңыз. Қысып, үнемдеп есептегеннің өзінде шығыныңыз 50 млн теңгеден көп асып кетеді.

Посттың басында айттық қой: кандидаттың сайлау қорындағы ақша 37 млн теңгеден аспауы керек. Егер, сіздің шығыныңыз бұл сомадан асып кететін болса, амал жоқ, сырттан демеуші тартатын болсаңыз, онда сіз автоматты түрде «Сайлау туралы» заңды бұзған болып есептелесіз. Соған сәйкес, сайлау додасынан шығып қаласыз.

Қала мен ауданнан түскен кандидаттардың арасында осындай әлеуметтік әділетсіздіктің бары рас. Оны кейін депутаттардың өзі реттеп алмаса, сайлауға түсемін деген ауылдың адамдарына бұл да қиянат! Алып бара жатқан олигарх болмасаңыз, сайлауға бір ірі қаладан түскеніңіз абзал.

Тоқтар Жақаш

(жазба журналистің Фейсбуктеге парақшасынан алынды)

Айдары: Дүрбі 31.01.2023 77

Қатысты мазмұн