Отбасы құндылығын жою жобасы

none

23-қаңтар күні Алматыда «Риксос» отелінде кейінгі күндері интернеттің қазақ секторында үлкен наразылық тудырып отырған «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын талқылауға байланысты Дөңгелек үстел басындағы сұқбат өтті. Пікір алмасуды Ата-аналар одағы мен бірнеше заңгер ұйымдастырыпты. Модератор Бағила Балтабаева соңғы үш айдан бері қалың бұқараға заң жобасының бірінші оқылымда мақұлданып кеткен нұсқасының сорақы тұстарын айтып назар аудартып келеді. Жанайқайы үшін оған алғыс айтсақ та артықшылық етпейді.

Осы жиында пікір айтуға шақырылған соң заң жобасымен мен де алдын ала мұқият танысып шықтым. Шынында да бұл іліп алары жоқ, таза еуроцентристік көзқараспен жасалған жоба екені көзге ұрып тұрды. Заң жобасына бастамашы болған сегіз депутат (бәрі қазақша қақпайды) Қазақстан отбасыларын еуропалық құндылықтарға жығып беруге ұмтылыпты. Қазақша екі сөздің басын құрай алмайтын депутатсымақтар халқының 75 пайызын қазақтар құрайтын Қазақстан үшін әзірлеген заң жобасы іс жүзінде қазақ ұрпағын азғындатуға арналған құжат әзірлеп шығыпты.

Осы арада тура сол күні Parlam.kz сайтында өткен жылғы 2 наурыздан бері ілулі тұрған «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы оқыстан ғайып болғанын айту керек. Оның орнына «Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы жарқ ете қалды. Әлгі көпшіліктің наразылығын туғызған 5 бап, оның 11 тармағы сияқты даулы тұстар алынып тасталыныпты. Бірінші оқылымның қорытындылары бойынша өзгерістері қамтылған «жаңа» жоба екен. Ілкі заң жобасы 28 баптан тұратын болса кейінгісі 38 баптан тұрады. Әрі заң жобасының аты да өзгеріп кеткен.

Маған ұнамаған ең өрескел нәрсе – жобаның 8-бабындағы отбасы мәселелері жөніндегі уәкілетті орган құру, оған отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөнінде арнайы құзіреттер беру болды. Әдетте уәкілетті орган – мемлекеттік орган болып табылады. Ал мұнда «уәкілетті орган» мемлекеттік емес, яғни бұл жекелеген адамдардан құрылған әлдебір заңдық тұлға.

Түсінікті тілмен айтсақ, бұл елімізде мемлекеттің орнына отбасылық қатынастармен айналысатын Үкіметтік емес (НПО) ұйым. Яғни бәтшағарларды (гомосексуалистерді) заңдастыру, біржынысты некеге жол ашу, ұрпақтар буынын біріне бірін қарсы қою, қазақтың дәстүрлі отбасылық құндылықтарын біртіндеп өшіру, батыстық құндылықтарды қулық-сұмдықпен енгізуге ұмтылатын жымысқылық ошағы.

Егер заң жобасы осы қалпында қабылданар болса онда ол Конституцияның «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады» деген 27-бабының 1-тармағына қайшы болып шығады. Өйткені мемлекеттік органның құзіреті Үкіметтік емес ұйымға берілгелі отыр.

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Н.Шайкеновтың тапсырмасымен «Заң газетін» құрып басқарған тұсымда Әділет министрі А.Колпаковский бірқатар шетелдік заң компанияларына қомақты қаржы төлеп заң жобаларын жасататыны есімде. Кейбір мүдделі халықаралық ұйымдар қаржы аударып, депутаттар тобының бастамашылығымен яғни лоббилігімен өздері мүдделі заң жобаларын өткізуге тырысатыны да жасырын емес. Мына заң жобасынан да «Сорос» сияқты ұйымдардың иісі шығады.

Дөңгелек үстел басындағы сұқбат кезінде Бердімұрат Хасенұлы деген адвокат бұл заңға негіз болған германиялық ұқсас заң жобасын педофилдік әрекеті үшін сотталған заңгер жасағанын айтқаны бар. Ол кезінде үлкен шу туғызған оқиға болған. Атап өтер жайт, Ресей мен Белоруссия мұндай заң жобаларына тосқауыл қойды. Ал бізде жоба заңнамалық өндіріске алынып отыр.

Соңғы жобада отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласында Үкіметтің (7-бап), Ішкі істер министрлігінің (9-бап), Білім министрлігінің (10-бап), Денсаулық сақтау министрлігінің (11-бап), халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (12-бап), Әділет министрлігінің (13-бап), Ақпарат министрлігінің (14-бап), жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың (15-бап), Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың (17-бап) арнайы құзіреттері қарастырылған. Ал енді осындай мемлекеттік уәкілетті органдардың жұмысын «үйлестіретін», олардың үстінен қарайтын үкіметтік емес уәкілетті орган құрудың не қажеті бар?

Үкіметтік емес уәкілетті орган заңдастырылса болды, кешегі біздің айғай-шуымыздың бәрі далада қалады. Заң астар құжаттар арқылы зымияндық жобалар жүзеге аса беретін болады. Сондықтан бұл мемлекетке және қоғамға қауіпті құжат ретінде заң жобасы парламенттік талқылаулардан мүлде алынып тасталуы тиіс!

Конституцияның 27-бабының 2-тармағында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» екендігі көрсетілген. Ата-ана, қоғам, мемлекет болып алдымен осы қағиданың дұрыс жұмыс істеуіне жағдай жасап алайық!

(Жазба автордың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды)

Марат Бәйділдаұлы,

журналист

Айдары: Текемет 24.01.2021 54

Қатысты мазмұн