Остап Бендер «Нью-Қазақстан» құрмақ

none

БТА-банктің қаржысын жымқырып шетелге қашып кеткен және өзін халықтың жанашыры, нағыз және жалғыз оппозиционер деп жариялаған экс-банкир Мұхтар Әбілязов Қазақстанда төңкеріс жасау жоспарының соңғы сатысына кіріскенін хабарлады. Елімізде президент сайлауы жақындаған сайын өзін Лениндей сезініп отырған ол жоспарын жүзеге асырамын деп тағатсыздануда. Мемлекеттік төңкеріс жасап тарихта қаламын деп армандайды.

Соңғы видеоларының бірінде Қазақстанның қала-қаласында жергілікті билік органдарының ғимараттарын басып алуға белсене қатысқан адамдарға бес миллион теңгеден, төңкеріс жасаушылардың жағына өтетін күш құрылымдарының өкілдеріне бес миллион теңгеден, ұяшық басшыларына жиырма бес миллион теңгеден беремін деп жар салды. Бірақ олар өзін-өзі сәйкестендіру үшін жасаған әрекетін, яғни мемлекеттік төңкеріс жасау қылмысына қатысқанын дәлелдеп, құжаттауға тиіс екен.

Содан кейін өзі келіп, премьер-министр креслосына жайғасып, барлық кредит, ипотека бойынша қарызды жоямын, жалақы, зейнетақыны көбейтемін, жеке сектордың айлығын өсіремін, жоғары білім алу, дәрігерлік көмек тегін болады деп өзінің «бағдарламасын» жарнамалап жатыр. Үйдің бағасы да құлайды деп уәде беруден жалықпайды. Бұған Қазақстанның қаражаты жеткілікті екен. «Оның бәрін есептедім, өйткені өзін аса танымал экономист, мықты банкирмін, үй шаруасындағы білімі таяз әйел сияқты ойламаймын» деп кеудесін керіп қояды.

Бірақ өзі қарғап-сілеп отырған бұрынғы режим кезінде тасы өрге домалап, қыруар байлыққа кенелген Әбілязов «ұры-қары» деп жүрген олигархтармен «бірдей қамырдан жасалғанын» ұмытып кетіпті. Әлде ол шетел асқаннан кейін қайта туылдым деп ойлайды ма? Мұхтар Әбілязов өзі басқарған БТА-банктегі қаражатты ұрлап шетелге қашқан кезде ондағы ықпалды адамдардың да үлесін ала кеткен деген ақпарат бұрыннан айтылып жүр. Оның бұрынғы режимге қарсы «күресінің» астарында осы жағдай да жатыр деген болжам бар. Ендеше, ұрлық жасап қолы былғанған адамның қалайша елді басқарып, озық мемлекет құрамын деуі мүмкін? Оған кім сенеді? Сенгіш халықтың қолымен төңкеріс жасату үшін белсенділерге «сыйақы тағайындауының» өзі оның ой-өрісі еш өзгермегенін, бәрін де ақшаға сатып алуға болады деген категориямен ойлайтынын көрсетеді. Остап Бендерден кем түспейтін Әбілязов елімізде «Нью Қазақстан» құрамын деген ұранмен бей-берекетсіздік орнатпақ.

Айдары: Түтін 28.10.2022 71

Қатысты мазмұн