ОСК: сайлаудың алдын ала қорытындысы шықты

none

Бүгін, 21 қарашада түске дейін Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады. Бұл қорытынды сайлауға қатысқан сайлаушылардың 81,3 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс бергенін көрсеткен.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәліметіне қарағанда, Қазақстандағы 11 миллион 953 мың 463 сайлаушының 8 миллион 300 мыңы немесе 69,4 пайызы дауыс беруге келген. Сайлауды Қазақстан президенттігіне кандидаттардың 11 мыңнан аса сенімді өкілі, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 641 өкілі, саяси партиялардың 15,5 мыңнан аса, қоғамдық бірлестіктердің 30 мыңнан аса байқаушылары бақылаған.

ОСК төрағасының сөзінше, сайлау учаскелеріне Қазақстанның 1225 бұқаралық ақпарат құралы, 23 шетелдің 41 бұқаралық ақпарат құралынан Қазақстанда аккредиттелген 106 журналист сайлау барысы жөнінде ақпарат таратқан.

ОСК-нің қазірге дейінгі ресми ақпараты Қазақстан президенттігіне кандидат Қарақат Әбденге 206 мың 206 сайлаушы (2,6 пайыз), Нұрлан Әуесбаевқа 176 мың 116 сайлаушы (2,2 пайыз), Жигули Дайрабаевқа 271 мың 641 сайлаушы (3,4 пайыз), Мейрам Қажыкенге 200 мың 907 сайлаушы (2,5 пайыз), Салтанат Тұрсынбековаға 168 мың 731 сайлаушы (2,1), Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 миллион 456 мың 392 сайлаушы (81,3 пайыз) дауыс бергенін көрсеткен.

460 мың 484 сайлаушы (5,8 пайыз) сайлау бюллетеніндегі ("Бәріне қарсымын") графасын таңдаған.

Айдары: Найзағай 21.11.2022 29

Қатысты мазмұн