Оппозицияның сөзінде пәтуа жоқ

none

Дүйсенбі күні Алматыда құрылған Қазақстанның демократиялық күштер коалициясы өздерін оппозиция деп санайтын саясаткерлер мен азаматтық белсенділер қатысқан баспасөз мәслихатын өткізді. Талқылауға Болат Әбілев, Нұржан Әлтаев, Мұхтар Тайжан, Рысбек Сәрсенбай және т.б. қатысты. Барлығы жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған кезектен тыс президенттік сайлауға қарсылық білдірді.

Рысбек Сәрсенбай коалицияның кезектен тыс президент сайлауын болдырмау үшін тіпті митингілер ұйымдастыратынын айтты. Жиналғандар 2024 жылы сайлау өткізуді және партияларды тіркеудегі кедергіні жоюды талап етіп отыр. Бірақ, сөйте тұра өз ішінде іріктеу жүргізіп, күзде өтетін кезектен тыс сайлауға оппозициядан бірыңғай кандидат дайындауды да жөн көріп отыр.

Сарапшылар болса, Қ. Тоқаевтың биыл кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешіміне қатысты әр түрлі пікір айтып жатыр. Бірқатары бұл шешімнен Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар қырғынында билікті басып алуды жоспарлаған күштердің кек алуына жол бермеуге ұмтылысы байқалады деген ойда. Бірақ ең бастысы – бастаған реформаларын жүзеге асыру үшін халықтан мандат алу. Сонымен қатар кезектен тыс президенттік сайлау – Тоқаевтың импровизациясы деген пікір де бар, өйткені ол кейбір саяси қатерге тек тактикалық тұрғыда қарсы әрекет жасап отыр. Бірақ ол «азаматтарымен санасатын мемлекет» тұжырымдамасын жариялап және оны іс жүзіне асыруға қадам жасай отырып, конституциялық реформа арқылы өз стратегиясын қазірдің өзінде жүзеге асырып келеді.

Қ.Тоқаевпен тіресе алатын «лайықты бәсекелестерге» келсек, елде оның саясатына қарсылық танытып, қоғамның белгілі бір топтарының мүддесін жақтайтын қоғам қайраткерлері бар деп саналады. Егер олар алдағы сайлауда өз кандидатураларын ұсынса, саяси күресте мол тәжірибе жинақтайды. Бірақ басты мәселе - олардың көпшілігі саясаткер емес. Саясаткер болу үшін әлеуметтік желідегі пікірталасқа сүйеніп режимді жай ғана сынап, қоғамға ұнайтын пікір білдіру аздық етеді, өйткені мұндай қызметке араласатын адамның бойында тиісті кәсіби қасиеттер жиынтығы болу қажет.

Жағдай көрсетіп отырғандай, оппозиция болып жүрген белсенділердің ішінде президент сайлауына кандидат болатындай ірі тұлға жоқ. Барлығы жалаң популистік ұран тастап, өз-өзіне пиар жасаумен жүр. Оппозицияда бірлік жоғы былай тұрсын, мемлекеттік деңгейде ойлайтын өрелі азаматтар байқалмайды.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 06.09.2022 69

Қатысты мазмұн