Оппозициялық кандидат ОСК-ға құжат тапсырды

none

Биыл 20 қарашаға белгіленген кезектен тыс президент сайлауына кандидат ұсыну мерзімі аяқталуға жақындады. Бірақ сайлау додасына қатысатын үміткерлер аз. "Ауыл" партиясы президент сайлауына Жигули Дайрабаевты, "Аманат" кәсіподақтар достастығы Мейрам Қажыкенді ұсынды. Ал қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауына қоғамдық-саяси күштердің үлкен коалициясы атынан қатысады. Бүгін белгілі болғаны, оппозициялық күштер тарапынан Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан (ЖСДП) президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Орталық сайлау комиссиясына тіркеу үшін құжаттарын тапсырыпты.

"2022 жылғы 7 қазанда Орталық сайлау комиссиясына "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық Заңның 54 және 55-баптарына сәйкес, сондай-ақ "Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған кезектен тыс сайлауы бойынша сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы" ОСК-ның 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №67/545 қаулысына сәйкес Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаевтың "Қазақстанның жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болып ұсынылуы туралы құжаттары ұсынылды", - делінген хабарламада.

Қазақстанда өздерін оппозиция санайтын басқа партиялар ортақ кандидат ұсынамыз деп кездесу өткізіп, әр түрлі мәселе талқылап, ақырында бұл бастамасы құр сөз болып қалды. Президент сайлауына түскісі келген абілязовшіл саясаткер Жасарал Қуанышалин өзін ұсынатын партия таппады. Өткен жолғы президенттік сайлауға түсіп, соңында"саяси өлік" атанған Әміржан Қосанов өзін "дайын кандидатпын" деп жарнамаласа да, ешкімге керек болмай отырғаны заңдылық. Сонымен, елде шұғыл өзгеріс жасау керек деп шулап, популистік ұран көтеріп жүрген оппозициялық күштер арасында сайлауға ұсынатын лайық адам табылмады. Тек ЖСДП ғана кандидат ретінде өзінің мүшесін ұсыныпты. Бірақ көп уақыт Жармахан Тұяқбай басқарған бұл партия да халықтың сеніміне ие деп айту қиын, ол да биліктің жобасы деген пікір басым.

Айдары: Дүрбі 07.10.2022 109

Қатысты мазмұн