Оппозициядағы алауыздық

none

Мәжіліс және мәслихат сайлауының алдында онсыз да шашыраңқы күйдегі оппозиция ішінде алауыздық күшейді. Белсенділердің негізгі айыптауы елдегі жалғыз оппозициялық партия саналатын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға (ЖСДП) қарсы бағытталып отыр.

ЖСДП-ға қарсы бағытталған айыптау мен сынның астарында екі мәселе бар. Сайлауалды саяси науқан бастала сала оппозицияшыл қауым екіге жарылды. Бірінші топ «сайлауға белсенді бойкот» жариялады, сайлауға қатысты заңдарды демократия талаптарына сай өзгертпейінше халықты сайлауға қатыспауға үндеп жатыр. Олар көшеге шығып митингілеп, белсенді әрекет жасауға көшпекші. Сондықтан «белсенді бойкотшылар» сайлауға қатысуға қамданып жатқан ЖСДП-ның әрекетін сынға алып, «бұл саяси науқанға қатысу - әділетсіз сайлауды заңдастыру», «президент сайлауындағы Қосановтың ісін қайталау» деген ой айтады.

«Белсенді бойкотшылардың» белді өкілі - Жанболат Мамай. Ол «Қазақстанның демократиялық партиясы» атауымен саяси ұйым тіркете алмай қалды. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы тек тіркеудегі партиялар арасындағы бәсеке бойынша жүреді, депутаттыққа кандидаттар партиялық тізім бойынша ұсынылады. Сондықтан партиясын тіркете алмай қалған Мамайдың ренжуі, «бойкотшыл» болуы заңды құбылыс.

Мамайдың ЖСДП-ға шүйлігуінің тағы бір себебі бар: ЖСДП басшылығынан Жармахан Тұяқбай кетіп, оның орнына Ермұрат Бапиге келгенде ол партияға жаңа адамдарды тарта бастады. Солардың ішінде Жанболат Мамай да бар еді. Бапидің айтуынша, уақыт өте келе ол ресми тіркеудегі ЖСДП тізгінін Мамайға ұстатып кетпекші болған, бірақ астыртын жасалған бұл келісім жүзеге аспай қалды. ЖСДП-ның Рахымжанов, Сәмбетбай, Күнболатов, Алиев сияқты жас белсенділері құпия кеңес құрып, Ермұрат Бапиді партия тағынан бір күнде төңкеріп тастап, партия билігін өз қолдарына алғанын білеміз. Саяси амбициясы тасып тұрған Мамай осы оқиғадан кейін ЖСДП-ға кек сақтап қалған секілді.

ЖСДП-ға сын садағын кезеп жүрген екінші топ сайлауға қатысты «ақылмен дауыс беру» тактикасын ұстанады. Бұл тактиканың бастамашысы - «Халыққа адал қызмет» (ХАҚ) қоғамдық ұйымының жетекшісі Тоғжан Қожалиева, ол түрлі көзқарастағы саяси маргиналдарды топтастырумен танымал болған тұлға. Бұған дейін ол ұйымдастырған шараларға ЖСДП белсенділері де қатысатын. Қазір ЖСДП пен Қожалиева жақтастарының арасында да алауыздық бар. Неге?

«Ақылмен дауыс беру» тактикасы билік партиясы саналатын «Нұр Отанға» қарсы бағытталған. Саяси тактика бойынша, халық сайлауға белсене қатысу керек, тек дауысты «Нұр Отан» мен коммунистерден (коммунистерді тоталитарлық жүйенің қалдығы деп санайды) басқа кез келген партияға беруге тиіс. Осылайша билік партиясын мұқатып, «Нұр Отанның» Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттардағы депутаттарының санын кемітіп тастамақшы, билік партиясы деген статустан айырмақшы.

Сайлауға қатысуға ниетті ЖСДП лидерлеріне бұл саяси тактика да ұнамай қалды. Олардың ойынша, «ақылмен дауыс беру» тактикасы тек ЖСДП-ны ғана қолдау керек. Мұндай әрекетпен келіспейтіндердің өзіндік уәжі бар: біріншіден, сайлаушыға еркін таңдаудың толық саяси спектрін ұсынған жөн, оларды «ЖСДП-ға ғана дауыс бер» деп шектеу демократия приципіне жат. Сайлаушы өзіне ұнаған партияға дауыс берсін. Сонда ғана «Нұр Отан» мен коммунистердің сағын сындыруға болады. Екіншіден, оппозицияшыл маргинал топтың кейбір өкілдері ЖСДП мүшелігіне өтіп, сайлауға қатысуға, депутат болуға ниетті. Дегенмен, ЖСДП-ның қазіргі лидерлері оларды өзіне тартып, партиялық тізімге қосқысы жоқ. Себебі, ЖСДП сайлау заңында көрсетілген 7 пайыздық кедергіден өтуді ғана ойлап, пәкене мақсат тұтып отыр. Мақсатына жетсе, ЖСДП-ға Мәжілістегі 8 депутаттық мандат бұйырады. Әрине, бұл жай ғана үміт. ЖСДП лидерлері осы үмітті қызғыштай қорғайды, басқалардан қызғанады.

ЖСДП-ны Жармахан Тұяқбай басқарып тұрғанда ол ойланбастан оппозицияшыл маргинал топты партия қатарына тарта беруші еді. Себебі, қалай десек те, ол танымал тұлға болатын, әккі саясаткер еді, «беделімді әлдебіреу көлегейлеп тастайды» деп қорықпайтын. ЖСДП-ның қазіргі лидерлері партия басшылығына Ермұрат Бапи келгенде қатты мазасызданған. «Кеме кірсе, қайық судан шығады» деген тәмсілде еске алып, «зәресі кетіп, құты қашты» десе де болғандай... Олар әлі сол бір қорқыныштан арыла алмай жүрген секілді, сондықтан ЖСДП-ға мүше болып, сайлауға қатысуға ниетті адамдарға күдікпен қарайды. Осы жағдай да оппозициядағы алауыздықтың өршуіне себеп болып тұр.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 09.11.2020 143

Қатысты мазмұн