Өзіне тікелей бағынатын қызметкері пара алса, басшы отставкаға кетеді

none

28 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне тікелей бағынатын қызметкерлердің жемқорлық әрекеті үшін басшыларды да жауапқа тартуды көздейтін заңға қол қойды. Заңның мәтіні жақын арада баспасөзге жарияланады.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, ендігәрі "мемлекеттік қызметкерлер: министрлер, олардың орынбасарлары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары өздеріне тікелей бағынатын қызметкерлері жемқорлық әрекет жасаса, отставкаға кетуі тиіс".

"Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы өзіне тікелей бағынатын тұлғасына қатысты айыптау үкімі күшіне енгеннен соң 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті" деді жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов.

Агенттіктің дерегінше, мысалы министрге "тікелей бағынатын тұлғалар" қатарына министрдің орынбасары, жауапты хатшысы немесе аппарат жетекшісі, облыстық бөлім жетекшілері кіреді, облыс, республикалық маңызы бар қала мен астана әкімдері үшін - оның орынбасары, аппарат жетекшілері кіреді. "Мемлекеттік қызмет" туралы заңға сәйкес, отставкаға кету туралы өтінішті шенеунік өзін тағайындаған лауазымды тұлғаға беруі тиіс.

"Отставканы қабылдау немесе қабылдамау – бұл саяси қызметкерді қызметке тағайындаған адамның құзыреті. Егер саяси емес, бірақ А және Б корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметкерлеріне тікелей бағынатын қызметкерлер жемқорлық жасаса, алдыңғыларға тәртіптік жауапкершілік қарастырылған" делінген хабарламада.

Айдары: Найзағай 28.11.2019 6

Қатысты мазмұн