
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан (ЖСДП) кандидат ретінде ұсынылған Нұрлан Әуесбаевтың 14 қазанға жоспарланған баспасөз мәслихаты өтпейтін болды. Партияда атап өтілгендей, сағат 11:00-де "Марден" бизнес орталығында БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты жоспарланған еді. Онда партия науқан алдындағы іс-шаралардың аралық нәтижесін жарияламақ болған.
"Осы жұмада біз бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен брифинг өткізіп, қол жинау жұмыстары туралы есеп беруді жоспарлаған едік. Айтатын қуанышты хабарымыз бар – партияның өңірлердегі өкілдері кандидатты ұсынуға қажетті қолдың 83%-дан астамын жинады. Ақпаратпен бөлісе алмадық. Біз конференц-залын жалға алған бизнес-орталықтың басшылығы іс-шараны өткізуден бас тартты. Олардың бізге айтқан сенімсіз сылтауы бұл оқиғада бір шикілік барын білдіретін айқын сигнал еді. Неліктен бұлай болды деген болжам жасамаймыз. Барлығы айтпаса да түсінікті" - деп жазды президент тағынан үміткер өзінің Фейсбуктегі парақшасында.
Партия өкілдері мұны олардың кандидатына қысым көрсету әрекеті деп бағалайтынын мәлімдеді. Өйткені оппозициялық партияның сайлауға қатысатыны билік басындағылардың көбіне ұнамайды.
"Іс-шара басталар алдында бізге бизнес орталықта шұғыл апатты жұмыстар жүріп жатқанын айтып, мәжіліс залына кіргізбеді. Ал басқа жалға алушылар тыныш қана жұмысын жалғастырып жатыр. Апатты жою оларға ешқандай әсер еткен жоқ", - дейді ЖСДП өкілдері.
Демократиялық күштер коалициясы келісімге келе алмай ортақ кандидат ұсынбаған соң, ЖСДП нағыз оппозициялық ұйым рөлін жекедара ойнайтын болды. Еліміздегі саяси процестерден хабары бар адамдар бұл партия да биліктің көптеген жобасының бірі екенін жақсы біледі. Бірақ қойылым көрерменге сенімді болуы үшін партия біраз кедергіге тап болуы, қысымға ұшырауы керек. Онсыз қызық болмайды. Шекспир айтқандай, бүкіл дүние – театр. Әйелдер, ерлер - барлығы да актер, әрқайсысының сахнаға шығатын және кететін кезі бар, әрқайсысы бірнеше рөл ойнайды. Ең бастысы, сенгіш сайлаушыларды кезекті фрустрацияға ұшыратпау керек.